Алматы қаласының газ жүргізілген аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынатын болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл шектеу газ жүйесіне қосылу мүмкіндігі бар жеке тұрғын үйлерге, моншаларға және көпқабатты үйлерді жылытатын жекелеген қазандықтарға қатысты болмақ. Ерекше жағдай тек төтенше оқиғалар кезінде жылу және энергиямен қамтамасыз етудің резервтік көздерін қолдануға ғана рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, жылыту қазандықтарын пайдаланатын барлық кәсіпкерлік субъектілерінің құрылғылары міндетті түрде зиянды заттарды сүзетін арнайы тазарту қондырғыларымен жабдықталуы тиіс. Бұдан бөлек, экологиялық талаптар арнайы техникалар мен бензин және дизельмен жұмыс істейтін генераторларға да қатысты.
Ertenmedia.kz сайтына әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазір Алматының жеке секторындағы газдандыру деңгейі 99,6 пайызға жеткен. Демек, қаладағы басым көпшілік үйлер табиғи газға қосылуға толық мүмкіндік алған.
Ережеге бағынбағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 324-бабына сәйкес шара қолданылады:
жеке тұлғаларға ескерту беріледі немесе 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге) айыппұл салынады;
лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК (64 875 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК (86 500 теңге);
ірі кәсіпорындарға – 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Алматы қаласының газдандырылған аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салу туралы шешім 2026 жылдың 30 желтоқсанынан бастап күшіне енеді. Әкімдік бұл қадамды экологиялық жағдайды жақсарту, қаланың ауасын тазарту мақсатында қабылдаған.
Алматыда қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын төлеудің бірыңғай цифрлық жүйесі Avtobys кезең-кезеңімен енгізіле бастағанын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

