Мектеп психологы Гүлсезім Жасқайратова әлемжеліде сала мамандарының қазіргі жағдайын ашып айтып, жанайқайын жазды. Пікірінше, бүгінде психологтардың жұмысы баламен тікелей қарым-қатынас жасаудан алыстап, тек тест жүргізіп, қағаз толтырумен шектеліп қалған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мен мектеп психологымын. Бірақ соңғы кезде өзімді психологтан гөрі тест жүргізетін оператор сезінемін. Біз мамандықты балалардың жан дүниесін түсініп, қасында болу үшін таңдадық. Үнсіз ғана жылап отырған балаға демеу болу үшін келдік. Бірақ қазір біздің күніміз қалай өтеді? Таңертең тоғызда жұмысқа келіп, кешке дейін компьютер алдында отырамыз. Тест, тексеру, есеп, талдау, тағы бір есеп, тағы бір кесте, тағы бір мерзім», – дейді психолог өз жазбасында.
Автор балалардың тесттен әбден шаршағанын атап өткен. Маманның мәлім еткеніндей ұстаздар жоспардан бас көтере алмай жүреді. Сол жоспардың өзі аздай, одан тыс тағы да талаптар жүктеледі.
«Осы күнге дейін өткізу керек», «пәлен сынып толық тапсыруы керек», «нәтижесін жіберіңіз» деген талаптар таусылмайды.
Ал сол аралықта бір бала іштей қиналып жүруі мүмкін. Бірақ біз соны көріп үлгермейміз. Себебі «отчет» бітпеген. Оқушылар тесттен шаршаған, сұрақтарды оқымай-ақ белгілей салады.
Психологты көрсе, «тағы тест пе?» деп қашады. Біз балаларға қолдау көрсетіп, сенім орнатуға келген адамдар едік, ал бізден қазір балалар қашатын болды», – дейді Гүлсезім Жасқайратова.
Аймағамбетов не дейді?
Маман көтерген мәселеге экс Оқу-ағарту министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жауап қатқан екен. Ол мектеп психологтарының жағдайын түсініп, осы мәселені шешу үшін арнайы заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді.
«Дәл осындай мәселелер үшін біз арнайы заң жобасын дайындадық. Ұстаздар мен мектеп психологтары тест өткізуші, есеп беруші емес, бала жанын түсінетін, оған қолдау көрсететін маман болуы керек. Бұл бастама нақты жеңілдік әкеледі деп сенемін», – дейді мәжілісмен.
Депутаттың бастамасы желі қолданушылары арасында қызу қолдау тауып жатыр. Олар психологтардың негізгі міндеті құжат толтыру емес, бала психологиясына терең бойлап, қолдау көрсету екенін еске салып отыр.
Күні кеше Құлсарыда сыныптастарына балта алып жүгірген бала туралы егжей-тегжейлі жазған едік. Сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова Атырауға арнайы комиссия жіберген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

