Соңғы кезде АҚШ-қа виза алу қиындайды деген әңгіме желдей есіп жүр. Уашиңтонның еліміздегі елшісі Жули Стаффт мұның уақытша дүние екенін айтып, қоғамды сабырға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елші болып келгелі алғашқы баспасөз мәжілісін өткізген Жули ханым біраз нәрсеге егжей-тегжейлі тоқталды.
«Визалық рәсімнің кейбірі уақытша тоқтатылды. Мұны толық тыйым деп түсінбеңіздер. Миграциялық процесті жеңілдету әрі тиімді ету үшін қабылданды», – деп атап өтті дипломат. Айтуынша, студенттік және басқа да бейиммиграциялық виза қалыпты тәртіппен берілуде. Бұл ретте елші екі ел арасындағы студент алмасудың сәтті жүріп жатқанына ерекше тоқталды.
«Биыл АҚШ-та білім алып жатқан қазақ студенттерің саны 3 мыңнан асып, рекорд жаңартты. Қазақстанда оқитын америкалық студенттердің саны жүзден асты. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болған емес», – дейді ол.
Стаффт жаңа қызметке өткен жылдың жылдың қазан айында бекітілген. Астананың аязына қарамастан, қазақтар құшақ жайып, жылы қабылдады деп отыр. «Отбасымызбен тез бауыр басып кеттік», – дейді.
Ақ үй мен Ақорданың арасындағы алыс-беріс
Дипломат Уашиңтон пен Астананың қазір қарым-қатынасын жоғары бағалауда. Пікірінше, мемлекет арасындағы серіктестік бұрын соңды болмаған деңгейге жеткен.
«Трамп пен Тоқаев тез тіл табысты. Бұл Қазақстанның аймақтағы ғана емес, әлемдік аренадағы абыройының айғағы. Қауіпсіздік, сауда мен мәдениет саласындағы байланысты нығайтуда жұмысымызды жалғастыра береміз», – деді ол. Елші АҚШ-тағы грин-карт лотереясының уақытша тоқтатылуы да алаңдауға негіз емес екенін айтуда.
«Америка ма, Америка мигранттар құрған мемлекет. Біздің тарихтың ажырамас бөлігі. Грин-карттың уақытша тоқтуы жобаның тиімділігін арттыруға бағытталған шара ғана», – деді ол.
Каспий құбыр консорциумы туралы сөз қозғаған елші Ақ үйдің осы бағыттағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық серіктестермен тығыз байланыста екенін жеткізді. Атап өткеніндей, КТК-да Қазақстаннан бөлек, ірі АҚШ компанияларының мүддесі де жатыр.
Ата заң туралы не ойлайды?
Стаффт Ата заңға байланысты реформаны да айналып өтпеді. «Реформаның қарқыны мен ауқымы таңғаларлық. Президент Тоқаевпен осы бойынша арнайы кездесіп, пікір алмастық. Конституцияның басты міндеті адам құқығын қорғау», – деді елші.
Дипломаттың айтуынша, Трамптың тұсында Қазақстанға айрықша акцент беріледі. Жули Стаффт осы тұста өзіне жүктелген басты миссияға тоқталып, екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті дамытуға ерекше екпін беріп отырғанын атап өтті.
«Тәжірибе көрсеткендей, іргедегі көршің ең сенімді одақтас болмауы мүмкін. Кейде берік достық пен адал әріптестікті алыстағы құрлықтан табасың. АҚШ-тың мақсаты географиялық алшақтыққа қарамастан, Қазақстанның дәл сондай сенімді серігіне айналу», – деді дипломат.
Бұған дейін Тоқаев Ақ үйге «арнайы өкілді» аттандырған. Қазыханның құпия портфелінде не бар екенін осы жерден оқыңыз. Ал АҚШ елшісінің түпкі мақсаты туралы Ertenmedia-ның телеграм арнасында кеңінен талдаған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

