Ресей билігі 50 жылға дейін кіргізбейміз деп есігін тарс жапқан Нұрлан Сабыров қазір Қазақстанда жеке шараларда өнер көрсетіп жүр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Super порталының дерегінше, әзілкештің сахнадағы небәрі жарты сағатқа жетпейтін өнері 10 млн теңге тұрады. Бұған Сабыровтың арнайы талаптары қосылмаған. Инсайдерлердің сөзінше, райдер шығындары қосымша 300 мың теңге көлемінде.
Сондай-ақ тапсырыс беруші қаласа, әзілкеш сахнада ұзағырақ кідіріп, әзілін жалғастыра алады, бірақ оның құны бөлек келісіледі екен.
Оның басты әрі өзгермейтін шарты концерт кезінде бейнежазба жасауға тыйым салынады. Ал шарадан кейін әзілкеш қонақтармен суретке түсуге қарсы емес.
Сабыров жеке шараларда тек стендап орындап қана қоймай, кештің жүргізушісі ретінде де қызмет көрсете алады. Мұның бағасы стендап-шоу тарифімен бірдей екен.
Айта кетейік…
Түнеукүні Кремль Сабыровты шекарадан кейін қайтарып, Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салған. Бұған комиктің Мәскеудің басқыншылық саясатына қарсы ащы әзілдері себеп болған дейді-мыс. Артынша әзілкештің атышулы «Уағнер» жандайшаптарына ақшалай және материалды көмек көрсеткен видеосы тараған еді. Видео ҰҚК назарына ілігіп, комитет Сабыровқа қатысты «жалдамалылық» бойынша тексеру басталғанын мәлімдеген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

