Қонаев қаласының Мәдениет үйінде жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумды талқылауға арналған жалпыұлттық коалицияның кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов, Сергей Пономарев, қоғамдық институт өкілдері, әлеуметтік сала мамандары мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.
Кездесу барысында Аида Балаева ұсынылған Конституция жобасының негізгі мақсаты азаматтардың мүддесін қорғап, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

– Жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітілген. Мемлекет енді азамат үшін қызмет етеді дегенді білдіреді. Сонымен қатар, бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттің берік негізі ретінде көрсетілген. Алматы облысы сияқты көпэтносты өңір үшін бұл нормалар өте маңызды, – деді министр.
Жоба туралы толығырақ Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев айтып берді. Оның айтуынша, Конституция жобасы кезең-кезеңімен ашық түрде әзірленген.
«Жұмыс былтыр қыркүйекте басталды. Парламенттік комиссия мен конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12 отырысы өтті. Жобаға 130-ға жуық заңгер, депутат және сарапшы қатысты», – деді Сергей Пономарев.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жастар саясатына мән беру керектігін айтты.
– Конституция әр азаматтың өміріне әсер ететін басты құжат. Қазіргі Конституциядағы кейбір нормалар ескірген. Жаңа жобаға білім мен инновация негізгі құндылық ретінде енгізілді. Бұл жастардың әлеуетін ашу үшін маңызды, – деді ол.
Жанарбек Әшімжанов жобаны мұқият зерделеу қажеттігін атап өтті. Ал «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басшысы Жұлдызай Ысқақова отбасы құндылықтарына тоқталса, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева әлеуметтік бағытты сөз етті. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілепов білім мен ғылымды дамытуға ерекше назар аударды.
Жиын соңында қатысушылар референдумға белсенді қатысуды елдің жаңғыруына жасалған маңызды қадам деп бағалады.
Дәл осындай кездесу күні кеше ғана Талдықорғанда ұйымдастырылып, жалпыұлттық коалиция мүшелері Жетісу облысы активімен кездескен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

