Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи 36 жыл билігі кезіндегі ең күрделі кезеңмен бетпе-бет келіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде аймақтағы әскери шиеленіс күшейіп, ел ішінде санкциядан шаршаған халықтың наразылығы артып келеді. Қаңтарда мыңдаған адамның өмірін қиған ірі наразылықтар күшпен басылған еді. Былтыр Израиль мен АҚШ соққылары Иранның стратегиялық маңызы бар ядролық және зымыран нысандарына ауыр залал келтірді. Бұған қоса, Иранның өңірдегі одақтастары мен жақтастары да әлсіреді.
Хаменеидің АҚШ-пен қауіпті ойыны
АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қайтадан соққы беру туралы қоқан-лоқысы Хаменеидің жағдайын одан әрі күрделендіре түсті. Әсіресе, былтыр маусымда болған шабуыл кезінде жақын серіктестері мен революциялық гвардия қолбасшылары қаза тауып, Хаменеидің өзі уақытша жасырынуға мәжбүр болған-ды. Бұл шабуылдардың бір себебі – 2023 жылы 7 қазанда Иран қолдайтын «Хамас» тобының Израильге жасаған шабуылы. Осы оқиға Газа секторында соғыс тудырып қана қоймай, Израильдің Иранның басқа аймақтық серіктестеріне де қарсы шабуылын күшейтті.
Қазір Ливандағы «Хезболла» әлсіреп, Сирияда Башар Асад режимі құлағаннан кейін Иранның аймақтағы ықпалы айтарлықтай төмендеген. Ал АҚШ болса Ираннан баллистикалық зымырандарынан бас тартуды талап етуде. Иран ядролық бағдарламасы бойынша біршама жеңілдіктер жасауға дайын болғанымен, зымырандардан бас тартуға мүлдем келіспей отыр. Себебі Израиль тарапынан соққыға тосқауыл болатын жалғыз қару. Алайда дәл осы қарудан бас тартпауы АҚШ-тың әуе шабуылына себеп болуы мүмкін.
Осындай қиын кезеңде Хаменеидің шешімдеріне оның революциялық рухы мен Иракпен болған сегіз жылдық соғыстың ауыр тәжірибесі ықпал етеді. Хаменеи 1989 жылдан бері Иранда шексіз билікке ие. Оның келісімінсіз АҚШ-пен байланыс орнатуға немесе маңызды шешімдер қабылдауға жол жоқ.
Хаменеи билікке алғаш келген кезде оны әлсіз әрі беделі аз басшы ретінде қабылдағандар көп еді. Себебі рухани көсем ретінде тағайындалған тұста ол тіпті «аятолла» атағына да ие болмаған. Бірақ ол уақыт өте келе жеке қауіпсіздік құрылымдарын күшейтіп, билікті өз қолына толық шоғырландырды.
Биліктің құны қандай?
Биыл қаңтардағы наразылықтар кезінде де ол «тәртіпсіздік үшін кінәлі АҚШ президенті Дональд Трамп» деп айыптап, шерушілерге қарсы қатаң шаралар қолданды.
Дегенмен, Иранның өмір сүруіне қауіп төнген кезде Хаменеи тактикалық ымыраға келуге дайын екендігін бірнеше рет көрсетті. 2013 жылы өзі ұсынған «батыл икемділік» қағидаты осыған мысал. 2015 жылы Иран ядролық келісіміне де ол осындай қағидатпен келісім берген еді. Алайда Трамп әкімшілігі бұл келісімнен 2018 жылы шығып, санкцияларды қайта күшейтті.
Хаменеи билігін нығайтуда Ислам революциялық гвардиясы мен жүздеген мың адамнан тұратын «Басидж» әскеріне арқа сүйейді. Олар 2009 және 2022 жылдары халықтың жаппай наразылықтарын басуда маңызды рөл атқарды.
Хаменеидің ықпалын арттыруға өзі басқаратын және миллиардтаған долларлық активке иелік ететін «Сетад» қаржылық империясы да елеулі әсер етті. Бұл ұйым революциялық гвардияға миллиардтап инвестиция құйып отыр.
Ираннан тыс сарапшылардың айтуынша, Хаменеи тұйық, сенімсіз және қастандықтан үнемі қауіптенетін басшы. Бұған 1981 жылғы өзіне жасалған қастандық себеп болған. Сол кезде магнитофонға жасырылған бомбадан оның оң қолы сал болып қалған еді. Ол сонымен қатар Шах билігі кезінде бірнеше рет түрмеге түсіп, азапталған.
Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының сарапшысы Карим Саджадпурдың айтуынша, тарихтағы кездейсоқтық «әлсіз президентті ең қуатты басшының біріне айналдырған». Бүгінгі таңда Аятолла Әли Хаменеи соңғы 100 жылдағы Иранның ең ықпалды бес тұлғасының бірі саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

