Саясаттанушы Уәлихан Төлешов қазіргі әлем көпполярлыққа емес, жаңа жаһандық байланыстар жүйесіне өтіп жатқанын айтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, соңғы жүз жылдағы халықаралық қатынастарды тек Версаль жүйесі, Ялта-Потсдам тәртібі, АҚШ үстемдігі немесе көпполярлық кезең ретінде сипаттау жеткіліксіз. Мұндай түсіндіру әлемдік тәртіптің сыртқы көрінісін ғана көрсетеді. Ал шын мәнінде, мәселе мемлекеттер арасындағы байланыстардың қалай құрылғанында жатыр.
Төлешов бұл үдерісті «текстуралық реконфигурация» деп сипаттайды. Яғни әлемдік тәртіпті тек әскери күш немесе экономикалық қуат емес, мемлекеттер, өркениеттер, сауда жолдары, технологиялар, энергетика, цифрлық платформалар және мәдени кеңістіктер арасындағы байланыстардың тығыздығы айқындайды.
Саясаттанушының айтуынша, Версаль жүйесі әлсіз әрі теңсіз құрылым болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеңілген елдер жаңа қауіпсіздік архитектурасына толық кіріктірілмеді. Сол себепті олардың ішінде қордаланған реніш пен реваншизм кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа алып келді.
Ал Ялтадан кейінгі әлем мүлде басқа сипатта болды. АҚШ пен КСРО арасындағы қатты қарсыластыққа қарамастан, жүйеде белгілі бір тәртіп пен болжамдылық сақталды. Екі тарап бір-бірінің логикасын түсінді, жасырын ережелерді мойындады және байланыс арналары үзілген жоқ. Сондықтан бұл жүйе жарты ғасырға жуық өмір сүрді.
Геосаясаттың жаңа грамматикасы
Кеңес Одағы тарағаннан кейін әлем АҚШ төңірегіне шоғырланған бір орталықты құрылымға өтті. Көпшілік оны «тарихтың соңы» деп қабылдады. Алайда уақыт өте келе Қытай, Үндістан және Жаһандық Оңтүстік өз ықпал аймақтарын қалыптастыра бастады.
Төлешовтің пайымдауынша, Украинадағы соғыс қазіргі жаһандық дағдарыстың басты себебі емес, оның көрінісі. Сараеводағы оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыстың нақты себебі болмағаны сияқты, Украинадағы соғыс та отыз жыл бойы жиналған құрылымдық қайшылықтардың сыртқа шыққан нүктесі ретінде қарастырылуы керек.
Саясаттанушы қазіргі кезеңді жай ғана көпполярлық деп атау жеткіліксіз дейді. Өйткені жаңа әлемде мемлекеттер ғана емес, көлік дәліздері, энергетикалық желілер, жасанды интеллект, логистика, цифрлық платформалар және ақпараттық кеңістіктер де ықпал етуші күшке айналып отыр.
Оның пікірінше, XXI ғасырда мемлекеттің орны тек әскері мен экономикасына байланысты болмайды. Ең маңыздысы – тұрақты байланыс жүйесін құра алу қабілеті. Аймақтық, технологиялық, мәдени және өркениеттік байланыстарды дұрыс қалыптастырған елдер жаңа әлемдік тәртіпте басымдыққа ие болады.
Сондықтан болашақтың басты сұрағы «әлемді кім басқарады?» дегенге ғана тірелмейді. Негізгі мәселе – қай елдер мен қандай байланыс жүйелері жаңа әлемнің тірек құрылымына айнала алады деген сауалға келіп тіреледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







