Президент Тоқаев Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімде ел азаматтарына үндеу жасап, 1 шілдеде күшіне енетін жаңа Конституцияның ел өміріне әкелетін өзгерістеріне тоқталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент жаңа Конституцияны халықтың алдағы ондаған жылдағы басты құжаты деп атап, осы заң Қазақстанды әлемдік өркениеттің жаңа биіктеріне бастайтынына сенім білдірді.
«Әлем технологиялық серпілістер мен саяси сілкіністер, әскери жанжалдарға толы кезеңді бастан өткеруде. Мұндай күрделі уақытта негізгі заңымыздың маңызы бұрынғыдан да арта түседі», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтетінін еске салып, осы маңызды тарихи белесті нақты нәтижелермен қарсы алу керегін айтты.
Президенттің сөзінше, жаңа Конституция аясында тамызда бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады.
«Еліміз түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басқалы тұр. Қоғамның өмір салты, құндылықтар жүйесі мен азаматтардың ойлау жүйесі өзгеріп келеді. Халықтың басым көпшілігі заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті нығайту жолында белсенділік танытып, «Таза Қазақстан» сияқты акцияларға белсенді қатысып жатыр. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алдымызға биік мақсаттар қойып, Қазақстанды шынайы өркениетті елге айналдыру жолында талмай еңбектенуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік, Ата заңның жаңа нұсқасы қоғам тарапынан талқыға түсіп, біраз сынға ұшыраған болатын. Конституцияның алғашқы нұсқасын әзірлеген танымал заңгер құжаттың ұранға толып кеткенін айтып, мәлімдеме жасаған еді.
Ал қазақтілді қауым құжаттың мемлекеттік тілге қатысты тармағына көңіл толмастық білдіріп, қарсы уәж айтқан. Бұған мемкеңесші Ерлан Қарин жауап қатып, «қазақ тіліне құриды деген комплекстен арылуға шақырған» еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







