Қазақстанда 15 наурыз жаңа мемлекеттік мереке Конституция күні ретінде бекітілуі ықтимал. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әшімбаевтың айтуынша, мұның бәрі халықтың таңдауына байланысты болмақ.
«Азаматтарымыздың өз еркімен дауыс беруге толық құқығы бар. Референдумның негізгі мақсаты халық пікірін білу. Егер азаматтарымыз жаңа Конституция жобасын қолдаса, онда елімізде жаңа Конституция қабылданып, 15 наурыз Конституция күні ретінде белгіленеді», – деді Сенат спикері журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетсек, қазір Қазақстанда Конституция күні 30 тамызда атап өтіледі және ресми демалыс күні саналады. Бірақ жаңа Конституция қабылданса, мереке күнінің ауысуы ғажап емес.
Наурыз айы Қазақстанда мереке күндеріне бай айлардың бірі. Биыл ел тұрғындары Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамын атап өтеді. eGov порталындағы мереке күндері күнтізбесіне сәйкес, 2026 жылдың наурызында қазақстандықтар жалпы саны 13 күн демалады екен.
Алдағы Халықаралық әйелдер күні 2026 жылы жексенбіге сәйкес келетіндіктен, демалыс дүйсенбіге, яғни 9 наурызға ауыстырылады. Осылайша, тұрғындар 7-9 наурыз аралығында үш күн қатарынан демалмақ.
Ал Ата заңның тың нұсқасы қоғамда қызу талқыланған болатын. Құжаттың алғашқы нұсқасын әзірлеуге атсалысқан танымал заңгер жобаның кем-кетігін жіпке тізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

