Елімізде оқушыларға сабақта ғана емес, үзіліс кезінде де телефон пайдалануға тыйым салу ұсынылды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы бастаманы қолдап, телефонды қолдануға шектеу қою құқығын әр мектептің өзіне емес, Оқу-ағарту министрлігіне беру керек деп санайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аймағамбетовтың айтуынша, халықаралық зерттеулер смартфондардың оқу процесіне теріс әсерін дәлелдеп отыр. Қазірдің өзінде елдегі жетекші оқу орындары Bilim мектептері мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» осы қадамға барған.
«Мектепке телефон алып баруға бола ма? Көптеген озық мектептер батылдық танытып, оқу процесі кезінде смартфонға тыйым салды. Мен осы тәжірибені бүкіл ел деңгейінде енгізуді қолдаймын. Бұл мәселені әр мектепке жеке қалдырмай, министрлік деңгейінде шешкен дұрыс», – деді депутат мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, ол смартфонның жоқтығынан мектеп асханаларында тамақ сатып ала алмайтын оқушылардың мәселесін де көтерді.
«Кейбір мектептерде төлем тек QR-код арқылы жүргізіледі. Мұндай тәсілмен тамақ сатып алу үшін міндетті түрде смартфон қажет. Бұл дұрыс емес. Барлық мектеп асханаларында POS-терминалдар орнатылып, басқа да баламалы төлем тәсілдері қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Асхат Аймағамбетов.
Әзірге смартфон қолдануды шектеу бастамасы талқылану кезеңінде. Нақты шешім әлі қабылданған жоқ.
Айта кетелік, бұған дейін Аймағамбетов мұғалімдерге қатысты тың жаңалықты жария еткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

