Депутат Асхат Аймағамбетов жұмыс істейтін азаматтардың скринингтен өтуі үшін жыл сайын үш жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс алуға құқығы бар екенін еске салды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, осы норма Еңбек кодексінде нақты көрсетілген, бірақ көпшілікке әлі беймәлім болып отыр.
«Өкінішке қарай, азаматтардың көбі бұл туралы білмейді. Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, қызметкерлерге скринингтен өту үшін арнайы әлеуметтік демалыс беріледі. Оның ұзақтығы жылына үш жұмыс күніне дейін созылады. Жұмыс беруші әлгі демалысты міндетті түрде ұсынуы тиіс. Скринингтен уақытылы өтіп, заңды құқығыңызды пайдаланыңыздар», – деді Аймағамбетов желідегі парақшасында.
Сондай-ақ депутат Еңбек кодексінде әлеуметтік демалыстың бірнеше түрі бар екенін айтты.
Бұған жалақы сақталмайтын демалыс, оқу демалысы, жүктілік пен босануға байланысты демалыс, үш жасқа толмаған бала күтіміне арналған демалыс кіреді.
Бұдан бөлек, 12 аптаға дейінгі жүктілік кезінде медициналық есепке тұру үшін де қызметкерге кемінде үш күндік әлеуметтік демалыс беріледі. Аймағамбетов азаматтарды осы мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырды.
Жалпы осы апта Аймағамбетов осы белсенді жұмыс істеуде. Бұған дейін депутат мұғалімдерге қатысты жағымды жаңалықпен бөліскен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

