Актриса Дариға Бадықова журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға қарсы сотта жеңіліске ұшырады. Бұған дейін ол YouTube желісіндегі сұхбатты жалған деп танып, видеоны өшіртуді, журналистің көпшілік алдында кешірім сұрауын және одан 4 миллион теңгеден астам қаржы өндіріп беруді талап еткен болатын деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы журналистің өкілі, адвокат Инга Иманбай жазды.
«Біз Дариға Бадықоваға қарсы сотта жеңіске жеттік. Мен бұл істі журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде жүргізіп, оның мүддесін толық қорғадым. Сот Бадықованың бірде-бір талабын қанағаттандырмады», – деді адвокат желідегі парақшасында.
Сотқа дейінгі талапта актриса журналистің YouTube арнасында жарияланған сұхбатты шындыққа жанаспайды деп танып, видеоны өшіруді, журналиске көпшілік алдында кешірім сұрауды міндеттеуді талап еткен.
Сондай-ақ моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге, адвокатқа жұмсалған 2,5 миллион теңге және сараптама жүргізуге кеткен 802 128 теңгені өтеуді сұраған.
«Бұл процесс мен үшін кезекті іс емес, принципті мәселе. Бірінші мамандығым журналист, екінші мамандығым заңгер. Сондықтан сөз бостандығын қорғау мен үшін тек міндет қана емес, кәсіби ұстаным. Мен біреудің жеке өміріне араласқан жоқпын. Журналистің кәсіби еркіндігін, пікір алуандығын қорғадым және авторды өз шығармасын өшіруге мәжбүрлеуге жол бермеу қағидасын ұстандым», – деді Иманбай.
Контекст
Айта кетейік, бұған дейін Нұрсейіт Жылқышыбай актрисаның бұрынғы жұбайы Дархан Мұсаевтан сұхбат алған. Сұхбат барысында ол Дариға мен Олжас Абайдың арасындағы мәселеге тоқталып, олардан сезіктенгенін жасырмаған.
«Дариға сұмдық өзгерді. Сөзі де, ісі де, өзі де өзгерді. «Таптым-ау сені» 1 миллиард 850 миллион теңге касса жинады. Дариға адам танымастай өзгеріп шыға келді. Дәл сол күні хабарласып, «Дархан, мен барамын, отырып, сөйлесейік» деді. Келді. «Мен мамамдарды, бәрін асырап шаршадым. Мен өзім кетейінші. Шетелге кетейінші. Маған кедергі жасамаңдаршы…» деді.
«Неге осыған дейін осы әңгіме айтылмады. Неге қазір бұны айтып отырсың? Әлде Олжаспен араңда бір нәрсе бар ма?»деп сұрадым. Байбалам салып, бой бермеді. Сол кезде де мойындамады.
«Дархан, менің бауырларымды, анамды ұмытпашы. Саған аманат. Оларға көмектесіп тұршы. Ешкімге сұхбат бермеші, мені жамандамашы» деді. «Дариға, бір ғана нәрсені кешірмеймін. Егер сен Олжас үшін кетіп бара жатсаң, сені кешірмеймін» дедім. Солай кете барды. Осынша жыл бойы күшік күйеу болып келгеніме өкінемін», — деген еді көзіне жас алған Мұсаев.
Желідегі жұрт Бадықованың бұрынғы байына қолдау білдіріп: «Бадықованы жек көріп кеттік», «көрініп тұр ғой, Дарханның адал, таза жігіт екені», «Дариға ақшаға құныққан» деген пікір жазған. Бадықоваға бойкот жариялаған белсенділер де табылған еді.
Айтқандай, атышулы әзілкеш Нұрлан Сабыров той-томалаққа шыға бастапты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

