Белгілі қоғам белсендісі әрі бұрынғы банкир Оразалы Ержановқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның ұсталғаны туралы журналист Ирина Петрушова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Петрушованың айтуынша, Ержанов жаңа Конституция жобасына қатысты өткір сын жариялаған соң полиция назарына түскен. Белсендінің соңғы жазбасы 8 ақпанда жарияланған, кейінгі жазбалары парақшасынан жойылған.
«Оразалы Ержановты түнде үйінен алып кеткен, тінту жүргізілген. 10 тәулікке қамауға алынды. Қандай себеп екені әзірге белгісіз. Ержанов билікті ашық сынап, шындықты тура айтатын санаулы азаматтардың бірі», – деп жазды журналист Гүлжан Ерғалиеваның мәліметіне сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаменті Ержановтың ұсталғанын растап, әлемжелілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат пен шетелдік нөмірлерді пайдаланып, референдумға бойкот жариялауға шақыру фактілері анықталғанын хабарлады.
Қазір бұл оқиға бойынша сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Полиция өкілдері Ержановтың әрекеттеріне тергеу нәтижесінде құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ полициядағылар пікір білдіру заңға қайшы еместігін, алайда әдейі жалған ақпарат тарату, фактілерді бұрмалау және азаматтардың сайлау құқықтарына кедергі келтіру заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Бұған дейін депутат Базарбек Ата заңға қатысты қауесеттерге нүкте қойған. Депутат әлемжеліде тарап жатқан өсек-аяң саналы түрде ұйымдастырылған арандату екенін айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







