Жасанды интеллект дәуіріндегі негізгі мәселе технологияны қалай қолданатынында болып тұр. Осы тұста Қытай жасанды интеллект жарысында Батыстың қойған ережесімен ғана жарысып қоймай, жаңа бағыт пен басқа мақсатты белгілеп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір АҚШ пен Қытайдың жасанды интеллект бойынша бәсекесін спорт тілімен сипаттасақ, біреу алда, біреу артта дегендей, спринттер, серпілістер, артықшылықтар. Алайда бұл сипаттама шын мәніндегі айырмашылықты толық ашпайды. Силикон алқабында жасанды интеллект жалпы адамзат ақылынан асып түсетін деңгейге жетсе, оның салдары не болатынын зерттеу қызықтырады. Ал АҚШ үкіметі бұл процеске араласпай, жеке компанияларға еркіндік беріп отыр.
Қытайдың ұстанымы басқаша. Бейжің жасанды интеллектті елдің әлеуметтік жүйесіне және ұлттық инфрақұрылымына терең енгізуге мүдделі. Жасанды интеллект Қытайдың логистика, денсаулық сақтау, қаржы және қала басқару жүйелерінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Екі елдің инвестициялық бағыттары да бөлек. АҚШ қаржыны фундаменталды зерттеулер мен серпілістерге бағыттаса, Қытай керісінше алдымен қажетті инфрақұрылымды құруға көңіл бөледі. Деректер орталықтары, жылдам интернет желісі, өнеркәсіптік интернет жүйесі мен энергетикалық инфрақұрылым салуға ауқымды инвестиция салады. Бұл технологияларды әр салада қолданудың құнын әлдеқайда төмендетеді.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қытай жасанды интеллектті еңбек өнімділігін арттырудың негізгі қозғалтқышы ретінде қарастырады. Оның ішінде 5 триллион долларлық гуманоидты робот нарығында көшбасшы болуды көздейді.
2050 жылға қарай Қытай жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшылыққа қол жеткізуді жоспарлап отыр. Елдің стратегиялық мақсаты транспорт, денсаулық сақтау, қалалық жоспарлау секілді барлық қоғамдық қызметтерді интеллектуалды жүйелермен басқарылатын қоғам құру.
Қытайдың бұл ұстанымын конфуцийшілдік пен легизм ілімдері арқылы түсіндіруге болады. Конфуций ілімі бойынша жақсы басқарылатын қоғам әркім өз міндетін нақты білетін және гармония сақталатын қоғам. Мұнда технологияның рөлі жеке автономияны арттыру емес, керісінше қоғамдық тәртіпті нығайтып, ұжымдық нормаларды қолдауға бағытталған.
Ал легизм нақты тәртіп пен бақылауды талап етеді. Жасанды интеллект бұл талаптарды орындауға көмектеседі алгоритмдік бақылау, тәуекелдерді есептеу, мақсатты араласу арқылы қоғамдағы тәртіпті масштабты түрде қамтамасыз етеді.
Осы екі ілім біріге келе Қытайдағы жасанды интеллектті басқару жүйесінің негізіне айналды. Бұл жағдай Alibaba сияқты алып платформаларды реттеуде анық көрінеді. Олар алдымен кеңеюге мүмкіндік алды, кейін инфрақұрылымға айнала бастағанда мемлекет араласып, қайта құрылымдау мен қатаң бақылау енгізді.
Контекст
Қытайдың жасанды интеллект стратегиясы «болжамды мемлекет» ұғымын қалыптастырады. Әдетте мемлекет заң бұзылғаннан кейін әрекет етеді. Ал болжамды мемлекет проблеманы туындағанға дейін анықтап, алдын алуға тырысады. Бұл үшін бүкіл қоғамды цифрландыру мен деректерді талдау арқылы әлеуметтік өмірдің барлық қырларын бақылап отырады. Жолдағы кептеліс, қаржы тәуекелі, денсаулық саласындағы эпидемия – барлығы алдын ала болжанып, тиісті шаралар қабылданады.
Батыс елдері жасанды интеллект адамды алмастыру қаупін көбірек талқыласа, Қытай бұл технологияны мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттардың қызметін жақсартуға қолдануда. Адамдар машинаға бақылаушы ретінде қалады. Дәрігерлер диагностика жүйелерін басқарады, әкімшілер алгоритмдерді қадағалайды.
Дегенмен мұның бір кемшілігі шешім қабылдау толығымен бағдарламалық жүйелерге тәуелді болып, адамдардың тәжірибесі мен интуициясы төмендейді.
Жасанды интеллект дәуірін белгілі бір модельдің уақытша басымдылығымен емес, қоғамдардың оны қалай қабылдап, қандай мақсатта қолданғаны айқындайды. Қытай мен АҚШ-тың бұл саладағы басты айырмашылығы да осында.
Осылайша жасанды интеллект әрбір қоғамның прогресс туралы түсінігін, ұжымдық игілік пен тұрақтылық үшін үкіметтің атқаратын рөлін айқындайтын айна іспеттес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







