АҚШ-та жасанды интеллектке арналған дата-орталықтардың қарқынды өсуі жаңа экологиялық дауға себеп болды. Сарапшылардың айтуынша, әлемді цифрлық технологиялар жарысы емес, су ресурстары үшін күрес күтіп тұрған болуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
The Guardian басылымы жүргізген зерттеу АҚШ-та жоспарланған жаңа дата-орталықтардың басым бөлігі соңғы жылдары құрғақшылықтан қатты зардап шеккен аймақтарда салынатынын көрсетті.
Зерттеу деректеріне сәйкес, АҚШ-та салынуы жоспарланған 809 жаңа дата-орталықтың 517-сі соңғы бір жыл ішінде құрғақшылық тіркелген аумақтарда орналасады. Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған көптеген дата-орталықтар да дәл осындай өңірлерде орналасқан.
Мәселенің түпкі мәні жасанды интеллекттің электр энергиясын ғана емес, орасан көлемде суды да тұтынуында. Ірі дата-орталықтардың кейбірі тәулігіне 5 миллион галлонға дейін су пайдалана алады. Бұл шамамен 50 мың адамның күнделікті су қажеттілігімен тең.
Сарапшылардың бағалауынша, 2028 жылға қарай АҚШ-тағы дата-орталықтардың жылдық су тұтынуы 73 миллиард галлонға жетуі мүмкін. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 17 миллиард галлон шамасында болған.
Дата-орталықтар су ресурсына қауіп төндіруі мүмкін
Жасанды интеллекттің танымалдығы артқан сайын мәселе де күрделене түсуде. Зерттеушілердің есебінше, ChatGPT тәрізді жүйеге жолданған 100 сөзден тұратын бір сұраныстың өзі шамамен жарты литр су шығынына тең келеді. Өйткені серверлерді салқындату үшін су үздіксіз қажет.
Ең үлкен алаңдаушылық АҚШ-тың батыс және оңтүстік өңірлерінде байқалады. Техас, Юта, Вашингтон және Луизиана штаттарында жаңа дата-орталықтарға қарсы наразылық күшейіп келеді. Кейбір тұрғындар су тапшылығы жағдайында технологиялық компанияларға артықшылық беруге қарсылық білдіруде.
Бір қызығы, дата-орталықтарды салушылардың басты уәжі де түсінікті. Олар жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекеде АҚШ Қытайдан қалып қоймауы тиіс деп есептейді. Сондықтан жаңа инфрақұрылым ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық көшбасшылықтың бөлігі ретінде қарастырылады.
Алайда БҰҰ болжамдары жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Ұйым мәліметінше, 2050 жылға қарай әлем халқының төрттен үш бөлігі құрғақшылықтың салдарын сезінуі мүмкін. Ал жасанды интеллект инфрақұрылымы алдағы онжылдықта триллиондаған литр су тұтынатын болады.
Сарапшылардың пікірінше, адамзат алдында жаңа дилемма пайда болды. Бір жағында экономиканы өзгертетін жасанды интеллект тұр. Екінші жағында – су қауіпсіздігі мәселесі. Бұрын мұнай үшін күрес туралы айтылса, алдағы онжылдықтарда су ресурстары технологиялық дамудың басты шектеуші факторына айналуы әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







