Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, инвестициялық жобалар және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысына Абай облысының 2025 жылғы даму көрсеткіштері мен биылғы төрт айдағы экономикалық ахуалы жөнінде есеп берілді. Берік Уәлидің айтуынша, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен.
Биыл қаңтар-сәуір аралығында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды құрады. Инвестиция көлемі 19,4 пайызға өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталған.
Өңірде инвестициялық жобалар пулын кеңейту жұмысы да жүргізіліп жатыр. Былтырдан бері жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейген. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Ірі жобалардың қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы бар. Сонымен қатар Семей қаласында 714 миллиард теңгеге жаңа жылу электр орталығын салу және 255 миллиард теңгенің тау-кен байыту комбинатын іске қосу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Берік Уәли Президентке Семей қаласында арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстары туралы да баяндады. Жоспар бойынша бұл аумақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобалар іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде үш ірі жоба бойынша ұсыныс түскен.
Абай облысындағы даму формуласы
Кездесуде Алакөл туристік аймағын дамыту мәселесі де сөз болды. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын қайта жаңарту үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.
Өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту да негізгі басымдықтардың бірі ретінде аталды. Сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семейдегі жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жоба іске асырылуда.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмысын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Президент сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, Абай облысы үшін алдағы кезеңдегі басты міндет – ірі инвестициялық жобаларды нақты өндіріс пен жаңа жұмыс орындарына айналдыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







