Алматыдағы Almaty Arena спорт кешенінде XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері мен қатысушыларына арналған салтанатты шара өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Марапаттау рәсіміне спорт ардагерлері, Олимпиада чемпиондары, елімізге танымал бапкерлер мен спорт саласының өкілдері, қала тұрғындары жиналды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларға алғыс білдіріп, мәнерлеп сырғанаудан жүлдегер атанған Михаил Шайдоровты ерекше атап өтті.
– Алматылықтардың атынан Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан жүлде алу Қазақстан спорты үшін үлкен абырой әрі мақтаныш, – деді қала басшысы.
Сондай-ақ әкім Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және тұғырдан секіру бойынша тарихи көрсеткішке қол жеткізіп, Олимпиадада үздік ондыққа енген ең жас спортшы Илья Мизерныхтың еңбегін атап өтті.
– Алматы спортшылар мекені. Біздің қала үнемі чемпиондар тәрбиелеп келеді. Спорт инфрақұрылымын жетілдіруге, жас спортшыларды қолдауға барынша жағдай жасалады. Сіздердің жеңістеріңіз жас буынға үлгі әрі мемлекеттің абыройы. Алда әлі де талай белестер мен ірі жеңістер күтіп тұр, – деді Дархан Сатыбалды.
Михаил Шайдоров та қолдау көрсеткен барша алматылықтарға және шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Қолдауларыңыз өте құнды. Бұл менің соңғы жетістігім емес, алдымда үлкен жоспарлар бар. Менің жеңісім жас спортшыларға шабыт сыйлап, оларды биік межелерге жетелейді деген сенімдемін, – деді спортшы.
Іс-шарада Алматы әкімі Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтердің сертификатын, жаңа автокөліктің кілтін және ақшалай сертификат табыстады.
Жүлдегердің бапкері Айгүл Қуанышева 5 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Ұлттық құраманың бас бапкері әрі спортшының жеке жаттықтырушысы Әсем Қасановаға бір бөлмелі пәтер сертификаты мен ақшалай сыйлық берілді.
Сонымен қатар, Олимпиадаға қатысқан өзге де спортшылар мен олардың бапкерлеріне 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Салтанатты жиын танымал әншілер Bellucci, Тұрар және басқа да қазақстандық өнерпаздардың концертімен жалғасты.
Алматыда тау туризмін дамыту жөніндегі Еуразиялық форум аясында Almaty Tau Management компаниясының басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало сараптамалық баяндама жасап, Алматыдағы тау кластерін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







