Қазақстанның Сыртқы істері Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс аймағында қалып қойған азаматтарды елге әкелу жұмысы басталғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
СІМ вице-министрі Әлібек Бақаев Үкіметтегі брифингте эвакуацияның алғашқы кезеңінде қай азаматтардың бірінші кезекте елге жеткізілетінін түсіндірді.
«Бүгін біз Оман сұлтанатының астанасы Маскаттан 467 азаматымызды елге әкелуді жоспарлап отырмыз. Ертең Джидда қаласынан 343 отандасымыз эвакуацияланады. Мұндай үлкен көлемдегі адамды бір мезетте әкелу мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте әйелдер мен кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар, 60 жастан асқан қариялар және денсаулығында кінәрат бар азаматтар іріктеледі», – деді Әлібек Бақаев.
Қазір Қазақстан азаматтары Маскат пен Джидда қалаларында жинақталып, елге аттану үшін дайын отыр. Эвакуациялық рейстер кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Айта кетелік, осының алдында Бақаев Ақорданың Ирандағы жағдайға байланысты ұстанымын жеткізген.
«Қазақстан ешбір елдің ішкі ісіне араласпайды. Жанжалға қатысты біздің ұстанымымыз бейтарап. Ешкімнің жағына шықпаймыз. Иранның да, шабуылға ұшыраған мемлекеттердің де сөзін сөйлемейміз», – деп жауап берген болатын дипломат.
Ал Иранда не болып жатыр? Трамп неге Тегеранға тап берді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







