Бүгін Түркістан қаласындағы Ханшайым Плаза сауда орталығының фойесінде ерекше форматтағы «Voice Wall» интерактивті алаңы ашылды. Бастама 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға орай қолға алынған маңызды шаралардың бірі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Интерактивті алаңда қала тұрғындары мен жастар елдің болашағы туралы өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін қалдырып, азаматтық ұстанымдарын білдіруге мүмкіндік алды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаты Самат Рысбеков арнайы қатысып, жиналғандарға ізгі тілектерін жеткізді. Ғаппар Сәрсенбаев өз сөзінде алдағы референдум әрбір азаматтың елдің дамуына тікелей ықпал ететін маңызды таңдауы екенін атап өтті. Ал Самат Рысбеков жастарды саяси процестерге белсенді атсалысып, ортақ болашағымызды бірге қалыптастыруға шақырды.
Жиынды Түркістан облысының жастар көшбасшысы Айбар Мырзагельдин жүргізіп, қала жастарының саяси белсенділігі мен патриоттық сезімдерін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде республикалық референдумға қатысу әрбір азаматтың парызы әрі жауапкершілігі екенін жеткізіп, тұрғындарды ел тарихындағы елеулі оқиғаға белсенді қатысуға үндеді.
Іс-шараға 300-ге жуық жас қатысты. Ермек Хасанғалиевтің елге танымал «Атамекен» әнін қатысушылар бірге шырқағанда, патриоттық рух ерекше сезіліп тұрды. Шара аясында еріктілердің ұйымдастыруымен арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, жастар сахнадан патриоттық әндер шырқап, көрерменнің көңілін көтерді.
Сонымен қатар референдумның мән-маңызын түсіндіретін шағын форматтағы форум ұйымдастырылды. Форум барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Ашық әрі мазмұнды пікір алмасу алаңында референдумның стратегиялық маңызы егжей-тегжейлі талқыланды.
15 наурыз күні өтетін республикалық референдум мемлекетіміз үшін тағдыршешті оқиға. Ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың бұл күні дауыс беруге белсене қатысып, ортақ болашағымыз үшін өз таңдауын жасауы маңызды. Осыған орай, Түркістан қаласының барша тұрғындарын маңызды саяси шараға белсенді қатысуға шақырамыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







