Түркістан облысында техникалық реттеу және метрология талаптарын бұзған бірқатар кәсіпорындарға ірі көлемде айыппұл салынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әсет Төребаев мәлімдеді.
2025 жылы департамент 254 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 235 құқықбұзушылықты анықтаған. Тексерулер нәтижесінде жалпы сомасы 13 млн 571 мың 046 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар салынған.
– Тексеру қорытындысы бойынша салыстырып тексеруге қатысты берілген 209 сертификаттың күші жойылды. Сондай-ақ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент бөлімшесіне қатысты бірлескен тексеру нәтижесінде, өлшем құралдарын тексеру ережелерін бұзып берілген 5 101 сертификаттың күші жойылды. Бұған қоса, «Қазақстандық цемент және бетон өндірушілері қауымдастығының» өтінішімен Өзбекстанда өндірілген цемент өнімін сату бойынша 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеріс барысында цементті өткізу және таңбалау бойынша жалған сертификаттар мен заңсыз әрекеттер анықталды. Нәтижесінде «CONCH» маркалы цемент өнімінің 3 577 қабын сатуға тыйым салынды, – деді Әсет Төребаев.
Сонымен қатар, департамент маркетплейстерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 41 кәсіпкерлік субъектісіне заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы ұсыныстар берген.
Облыс аумағындағы 58 жанармай құю станциясында профилактикалық бақылау жүргізіліп, 19-ында кемшіліктер анықталып, олар жойылған. Сондай-ақ, өткен жылы зергерлік бұйымдар бойынша жүргізілген тексерулер барысында 66 заңбұзушылықтың алдын алу жұмыстары атқарылған.
Бұдан бөлек, Түркістан облысында 5 сәйкестік декларациясының күші жойылған. Департамент басшысының айтуынша, бұл шаралар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және өңірдегі кәсіпкерлік саласының әділ әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркістан облысында биылғы жылы 200 мың гектардан астам жайылым жер ортақ пайдаланымға берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







