Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі референдум учаскелерінің дайындық деңгейімен танысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Комиссия өкілі референдум учаскелерінің техникалық жабдықталуын, дауыс беру кабиналарының орналасу тәртібін, ақпараттық-танымдық материалдардың сапасы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайларды жан-жақты тексерді.
Түркістан облысы бойынша республикалық референдумға барлығы 948 дауыс беру учаскесі дайындалған. Оның ішінде ерекше режимдегі 26 жабық учаске бар. Бұл маңызды саяси науқанды сапалы әрі ашық ұйымдастыру мақсатында облыс бойынша 6 380 комиссия мүшесі жұмысқа тартылып отыр. Мамандардың шамамен 90 пайызы әртүрлі деңгейдегі сайлау шараларын өткізу тәжірибесіне ие білікті азаматтар.
Референдум барысында Түркістан облысы бойынша 1 миллион 187 мыңнан астам азамат дауыс бере алады. Олардың ішінде ерекше қажеттілігі бар 16 601 сайлаушы тіркелген. Осы санаттағы азаматтардың дауыс беруін жеңілдету үшін барлық учаскелерде арнайы пандустар, тактильді бағыттаушы жолақтар және қажетті жабдықтар толық орнатылған.
Әрбір учаскеде сайлаушылардың құқықтары мен дауыс беру тәртібін түсіндіретін ақпараттық стендтер орналасқан. Онда референдум комиссиясының құрамы, жоғары тұрған комиссиялардың, құқық қорғау органдары, сот және прокуратураның байланыс мәліметтері, дауыс беру бюллетенінің үлгісі мен басқа да қажетті ақпарат анық әрі қолжетімді етіп жазылған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барынша қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, Брайль қарпімен дайындалған арнайы трафареттер мен арбадағы сайлаушыларға бейімделген кабиналар жабдықталған. Сондай-ақ көзі нашар көретін адамдарға үлкейткіш әйнектер, компьютерлік құрылғылар мен қосымша жарықтандыру құралдары ұсынылады.
Сонымен қатар денсаулығына байланысты үйінен шыға алмайтын азаматтарға референдум күні тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай азаматтардан референдум күні сағат 12:00-ге дейін өтініш қабылданып, олардың үйіне арнайы комиссия мүшелері жіберіледі. Облыста аталған жұмыстардың барлығы заңға сәйкес және жоғары деңгейде атқарылып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







