Түркістан облысында 2026 жылдың 15 наурызына жоспарланған республикалық референдумға дайындық қызу жүріп жатыр. Осы орайда облыстық аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне арналған семинар өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шараға облыстық және Түркістан қалалық аумақтық референдум комиссияларының мүшелері, сондай-ақ қалалық учаскелік комиссиялардың төрағалары, төраға орынбасарлары мен хатшылары қатысты. Семинарда референдум өткізу тәртібі, комиссия мүшелерінің дауыс беру күні атқаратын іс-әрекеттері және референдум барысында қолданылатын онлайн-сервистер жөнінде нақты нұсқаулықтар берілді.
Қатысушылар үшін тақырыптық викторина ұйымдастырылып, учаскелік референдум комиссияларының өкілдері арасында белсенді пікір алмасу жүрді. Бұдан кейін референдум комиссияларының төрағалары мен орынбасарлары тестілеуден өтіп, аталған маңызды шараны ұйымдастыру бойынша білімдерін пысықтады.
Осы жиын аясында Түркістан облысына арнайы келген ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өңірдегі дайындық жұмыстарымен танысып, облыстық және аудан-қалалық референдум комиссияларының төрағалары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
Кеңеске Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев, облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев, төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Сейсенов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы қатысты.
Жиында сөз алған Еркебұлан Дауылбаев Түркістан облысы бойынша референдумды өткізуге қажетті барлық жағдайдың жасалғанын атап өтті.
– Өңірдегі дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыста барлығы 966 референдум комиссиясы жұмылдырылып отыр, олардың ішінде 18 аумақтық және 948 учаскелік комиссия бар. Барлық референдум учаскелері қажетті жиһаздармен, техникалық құралдармен, байланыс жабдықтарымен, интернет желісімен және дауыс беруге арналған кабиналармен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ бюллетеньдерді тасымалдау, қоғамдық қауіпсіздік, өртке қарсы шаралар мен сайлаушыларды тасымалдау жұмыстары егжей-тегжейлі пысықталды, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаев та дайындық барысы туралы толық баяндады. Оның айтуынша, референдумға тартылған комиссия мүшелерінің 90 пайызға жуығы сайлау науқандарын ұйымдастыруда тәжірибелі азаматтардан жасақталған.

Жиынды қорытындылаған Мұхтар Ерман референдумның саяси маңызы жоғары екенін атап өтті. Ол референдум комиссиялары мүшелерін дауыс беру күні әрбір іс-әрекеттерін заң аясында жүзеге асыруға шақырды.
– Алдымызда өте маңызды әрі жауапты саяси науқан тұр. Әсіресе, дауыс беру күні азаматтармен тікелей жұмыс істейтін комиссия мүшелері заң нормаларын қатаң сақтауы тиіс. Біздің басты міндетіміз – референдумды ашық, заң талаптарына сәйкес өткізу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен жариялылықты қамтамасыз ету, – деді Мұхтар Ерман.
Айта кетейік, Түркістан облысы халқының саны қазіргі таңда 2 миллион 154 мың адамды құрайды. Оның ішінде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны – 1 миллион 187 мыңнан асады, бұл облыс халқының 55,4 пайызына тең. Өңірде референдум өткізу үшін барлық жағдай жасалған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







