Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» ерлер волейбол командасының ұжымымен кездесіп, алғаш рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алуларымен құттықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы командаға алдағы Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионатының маңызды ойындарында сәттілік тіледі.
– «Жайық» командасына қарсы өткен бәсекеде «Жетісудың» барлық ойыншысы жоғары шеберлік көрсетті. Жігіттер әрбір позицияда сенімді әрі нәтижелі ойын өрнегін танытып, Суперкубокты жеңіп алдыңыздар. Бұл – сіздердің ұзақ уақыт бойы көрсеткен қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Әсіресе ойыншылардың, жаттықтырушылардың және медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі екені анық. Ендігі мақсат – чемпиондықты жеңіп алу. Ол үшін барлық мүмкіндік бар, тек өздеріңізге деген сенім мен еңбектеріңіз керек. Сіздерге алдағы ойындарда жеңіс тілеймін, – деді Бейбіт Исабаев.
Айта кетейік, биылғы маусымда «Жетісу» командасы Қазақстан Кубогының иегері ретінде Суперкубок ойынына қатысып, былтырғы маусым чемпионы «Жайықты» 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтқан еді.
Жалпы, Ұлттық лигада өнер көрсететін «Жетісу» ерлер волейбол командасы биылғы Қазақстан Республикасы XXXIV чемпионатында үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қазіргі уақытта IV кіші тур қорытындысы бойынша команда 62 ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастап тұр. Алдағы 11-17 наурыз аралығында Көкшетау қаласында өтетін IV үлкен турда ел чемпионатына қатысып жатқан сегіз команда өзара кездесулер өткізеді. Бұл ойындар чемпиондық атақты сараптауда шешуші мәнге ие болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







