Қазақстанда уран барлаумен айналысқан санаулы батыс компанияларының бірі – канадалық Laramide Resources күтпеген жерден елден кетті. Шешімнің астарында шетелдік компанияларға шектеуді күшейткен жаңа заңнамалық өзгерістер тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2024 жылы Laramide оңтүстіктегі Шу-Сарысу бассейніндегі 5500 шаршы шақырым аумақта геологиялық барлау жүргізу үшін Aral Resources компаниясымен үш жылдық келісім жасасқан еді. Аталған алаң атақты Инкай кенішіне жақын орналасқан, әрі оның болашағынан компания үлкен үміт күткен.
Жобаға қажетті барлық рұқсат құжаттары желтоқсанның соңында берілгенімен, екі күннен кейін президент Тоқаев жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекске қол қойып, жағдайды күрт өзгертті.
Жаңа кодекске сәйкес…
Қазақстанда стратегиялық кен орындарын барлауға арналған лицензиялар ең алдымен мемлекеттік «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына беріледі. Енді уран саласындағы бірлескен жобаларда ұлттық оператор кемінде 75 пайыздық үлесті иеленуі тиіс.
Сарапшылар өзгерісті уран нарығын ұлттық компанияның қолына толық көшіретін «де-факто» ұлттандыру деп бағалап отыр.
Laramide басшысы Марк Хендерсонның айтуынша, компания осы өзгерістерді алдын ала сезгенімен, нақты шешім қабылданғанша жобаны жалғастыруға дайын тұрған.
«Үш бұрғылау қондырғысы дайын еді. Қызметкерлеріміз бен қажетті құрал-жабдықтарымыз толық жасақталғанымен, бұрғылау жұмыстарын бастаудың сәті түспеді. Сөйтіп, жобадан біржола бас тартуға тура келді», – дейді Хендерсон.
Оның айтуынша, бұрын Қазақстан нарығына енген батыс компаниялары бірлескен жобаларда 30-50 пайыз үлеске иелік ететін болса, енді жаңа ереже бойынша шетелдік инвестордың үлесі небәрі 10-25 пайыз аралығында қалмақ. «Бұл біз үшін мүлде басқа мәміле», – деді Хендерсон.
Бектенов үкіметі болса аталған өзгерістерді ұлттық мүддені қорғау мен нарықтағы бәсекелестік артықшылықты сақтау үшін қажет қадам деп түсіндіріп отыр.
Алайда…
Сарапшылар шешімнің елдегі уран саласына ұзақ мерзімді кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Себебі Laramide ғана емес, австралиялық C29 Metals компаниясы да қараша айында Қазақстаннан кетті. Осылайша әлемдегі ең ірі уран өндіруші елдердің бірі саналатын Қазақстанда шетелдік инвестиция есігі тарылып барады.
Енді Cameco, Orano сияқты батыстық ірі компаниялар да болашақта еліміздегі жобаларын ұзарту немесе жаңа жобалар бастау үшін жергілікті оператордың үлесін кемінде 90 пайызға жеткізуі немесе уранды өңдеу мен байыту технологияларын Қазақстанға толық беруі тиіс.
Red Cloud Securities сарапшысы Дэвид Талботтың пікірінше, осы өзгеріс салдарынан Қазақстанның ураны негізінен Қытай мен Ресейге бағытталуы ықтимал. Нәтижесінде, Батыс елдері үшін уран тапшылығы мен баға өсімі тәуекелі күшейеді.
Соңғы екі айда уранның спот бағасы 33 пайызға өсіп, бір фунты 101,55 долларға жетті. Сарапшы бағаның алдағы уақытта тағы да өсуі мүмкін екенін болжап отыр. Себебі уран нарығындағы белгісіздік пен жабық есік саясаты Батыс елдеріндегі уран бағасының күрт көтерілуіне ықпал етеді.
«Қазақстанның уран саласындағы осы ұлттық бұрылысы әлемдік нарықтың ережесін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ал Laramide-тың қазақ даласынан кетуі тек бастамасы ғана сияқты», — дейді Талбот.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







