Күнделікті өмірде шашымызды жуып, жылы душқа немесе ваннаға түсу әдетке айналған. Мамандар дене қызуы көтеріліп, ауырып қалғанда бұл әдеттен уақытша бас тартқан дұрыс екенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дерматолог маман Дариға Қуанышбекқызының айтуынша, дене қызуы 37,5 градустан асса, шаш жууға және ыстық душ қабылдауға мүлде болмайды.
– Дене қызуы көтерілгенде ыстық су мен душ қабылдау ағзаның қосымша қызып кетуіне (гипертермияға) әкеледі. Бұл қан айналымын нашарлатып, жүрекке қосымша жүктеме түсіреді, жүрек соғысын жиілетеді, жалпы жағдайды нашарлатып, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін, – дейді дәрігер.
Дене қызуы 37,5 градустан жоғары болған кезде аяқ булау процедурасынан да бас тартқан жөн, себебі ол да гипертермияға әкелуі мүмкін.
– Сонымен қатар, дене қызуы 37,5 градустан төмен болған күннің өзінде де бас аймағында қабыну белгілері байқалса, мысалы, гайморит, синусит немесе құлақтың қабынуы кезінде шаш жууға болмайды. Су мұрын қуысына немесе құлаққа түсіп кетсе, қабынуды одан сайын күшейтуі ықтимал, – деп ескертеді Дариға Қуанышбекқызы.
Ал дене қызуы 37,5 градустан төмен және өткір қабыну белгілері болмаса, шашты жуып, жылдам душ қабылдауға рұқсат етіледі. Алайда, маманның айтуынша, бұл кезде судың температурасы қалыпты болуы керек, яғни ыстық судан аулақ болған дұрыс. Душ қабылдау ұзақтығы 10 минуттан аспауы тиіс. Контрасты душ (суық және ыстық суды кезектестіру) қабылдаудан да бас тартқан жөн.
«Жуынып болғаннан кейін шашты дереу фенмен кептіріп, жылы бөлмеде жату керек. Көшеге шығар алдында шашты жууға мүлдем болмайды», – дейді дәрігер.
– Қызуы көтерілген адамның ыстық ванна қабылдауы оның жағдайын жақсартпайды, керісінше симптомдарды күшейтіп жібереді. Себебі ыстық су қан тамырларын кеңейтіп, жүрекке жүктемені арттырып, қан қысымын өзгертіп жібереді. Мұндай жағдайда дене қызуы көтерілген кезде шаш жуу немесе су процедураларын жүргізу денсаулыққа зиян, – деп түсіндіреді дәрігер.
Дегенмен медицина мамандары кейбір белгілердің денсаулыққа ғана емес, өмірге де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







