12 наурыздан бастап Алматы көшелеріндегі бейнебақылау камералары жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастайды. Бұдан былай жүйе көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлескендерді, қауіпсіздік белдігін тақпағандарды автоматты түрде анықтап, айыппұл салуға кіріседі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаладағы әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шұмаевтың айтуынша, заң талаптары бұрынғыша қалғанымен, бұдан былай тәртіп бұзғандар камераға жиірек түсетін болады.
Бұған дейін камералар тек алты түрлі заң бұзушылықты тіркеп келген еді: жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл жарығына өтіп кету, жол таңбасы мен белгілерін елемеу, дұрыс емес жерде тоқтау немесе тұраққа қою, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншіге жол бермеу. Енді осы тізімге қауіпсіздік белдігін тақпағандар мен телефонға алаңдаған жүргізушілер қосылды.
Сонымен қатар камералар мемлекеттік деректер базасымен біріктіріліп, енді көліктің техникалық тексеруден өтпегенін немесе сақтандыру құжатының жоқ екенін бірден анықтай алады.
Кейбір жағдайларда жүйе айыппұлдың орнына автоматты түрде ескерту жолдайды.
«Біздің мақсатымыз айыппұлды көбейту емес, апаттың алдын алу. Жүргізушілер арасында жол ережесін қатаң сақтау мәдениетін қалыптастырып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау», – деді Серік Шұмаев.
Айта кетелік, бұған дейін Ішкі істер Ержан Сәденов полицияны жол жиегіне қайта шығарған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







