Жетісу облысында Халықаралық волонтерлар жылы аясында «Zhetysu Youth Forum 2026» жастар форумы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форумға волонтерлер, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері жиналып, жалпы саны бес жүзге жуық адам қатысты.
Жиында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жастардың өңірдің дамуына қосар үлесі туралы ойымен бөлісті. Волонтерлік мәдениетті нығайту жолдары мен жастар бастамаларын қолдау мәселесі жан-жақты сөз болды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Осы орайда өңірлік жастар форумын өткізіп, волонтерлікті дамытуға ерекше мән бердік. Жастар арасында еркін пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін алаң қалыптастырудың маңызы зор. Мұндай форматтағы шаралар оларды әлеуметтік жобаларға белсенді түрде араласуға ынталандырады, – дейді «Jetisu jastary» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Жастар басқосуына спикер ретінде қатысқан «Future IT» робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нүркежанов жаңа технологияларды меңгерудің жас буынға беретін мүмкіндіктері жайлы айтып берді. Сондай-ақ форумның тағы бір спикері – блогер әрі эко белсенді Дулат Набиев жастардың экологиялық мәдениеті туралы сөз қозғады. Шара барысында Қазақстан эстрадасының танымал өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті.

Форум соңында жетісулық жастар 15 наурызда өтетін референдумға қатысуға дайын екендерін білдірді. Олар жастардың ортақ болашақ алдындағы жауапкершілігі мен қоғамдық-саяси белсенділігінің маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі таңда Жетісу облысында 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашы топ белсенді жұмыс істеп тұр. Оған мыңнан аса жас жұмылған. Былтыр өңірде әлеуметтік, экологиялық акциялармен қатар, мұқтаж жандарға көмек көрсету және тарихи ескерткіштерді тазалау бағытында үш мыңға жуық волонтерлік іс-шара ұйымдастырылды.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесіп, өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту мәселесін талқылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







