Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ғылыми және қоғамдық қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде ел дамуына бағытталған Жаңа Конституция жобасы талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Достық» үйінде өткен шараға сарапшылар, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысып, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің маңызын ортаға салды.
Шараның ашылуында қала әкімі Ата заң заман талаптарына сай, азаматтардың сұранысын қанағаттандыратын және елдің тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі құжат болуы керек екенін атап өтті.
– Жаһандық өзгерістер жағдайында экономиканың қарқынды дамуы мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдерді енгізуді қажет етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Жаңа Конституция еліміздің цифрлық экономикасын нығайтуға, жасанды интеллект технологияларын дамытуға жол ашады, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуге қатысушылар конституциялық реформаларға қолдау білдіріп, оның ғылым, білім беру, мәдениет және қоғамдық диалогтың дамуы үшін маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, Алматыда Жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды. Осы мақсатта қалада жоғары оқу орындарында арнайы кездесулер өткізіліп, сараптамалық пікірталастар ұйымдастырылып, тұрғындар мен жастардың қатысуымен диалог алаңдары белсенді жұмыс істеп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







