Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі цифрландыру жұмыстарының баяу жүруіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы Ақордада өткен жиында Digital Qazaqstan жобасының іске асырылуын талқылап, цифрлық технологияларды енгізу процесін жеделдетуді талап етті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшкенімен, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу мен өзара үйлесімділік әлі де төмен деңгейде.
«Басты назарды жылдамдық пен сапаға аударуымыз керек. Адамдар емес, деректер жүгіретін уақыт келді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін терең трансформациялау қажет екеніне баса назар аударды.
Президенттің пікірінше, цифрландыру мен бюрократия үйлеспейді, ал заманауи технологияларды ескі бюрократиялық ережелерге бейімдеу микроскоппен шеге қаққанмен бірдей. Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқынының баяулығына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның цифрлық болашағы үшін қауіптенетінін жеткізді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мемлекеттік аппараттың цифрлық трансформациясын жеделдетуді тапсырды.
Жиында Тоқаев банк секторындағы мәселелерге де ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, елімізде банк аралық QR-төлемдерді енгізу үшін қажетті инфрақұрылым жасалғанымен, ірі банктер қосылуға асығар емес.
Бұл жағдайға қарамастан, банк секторын QR-төлем жүйесіне қосу заң жүзінде міндеттелген болатын. Президент банктердің мұндай әрекетін сынға алып, бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Ал Алматыдағы өтке жиінде бір топ қауым жаңа Конституция еліміздің цифрлық экономикасын нығайтуға, жасанды интеллект технологияларын дамытуға жол ашатынын айттып, талқылау өткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







