Шымкенттің тарихи цитаделін жөндеуге және археологиялық қазба жұмыстарына бюджеттен бөлінген 2,7 млрд теңгенің қайда кеткенін қала билігі білмейді деп хабарлайды Ertenmedia.kz inbusiness-ке сілтеп.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Оның айтуынша, туристерді тартып тұрған тарихи-мәдени кешен алты жыл бойы құжатсыз жұмыс істеп келген. Мемлекеттік акт те, қабылдау-тапсыру актісі де рәсімделмеген.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені 2018 жылы ашылды. 2019-2021 жылдар аралығында археологиялық жұмыстар мен ғимарат құрылысына 2 млрд 700 млн теңге жұмсалған. Бірақ осы қаражаттың қайда кеткені бізге беймәлім. Құқық қорғау органдарына сұрау жібердік, енді солар қорытындысын шығарып, тексеріс жүргізеді», – деді әкім орынбасары.
Айта кетерлігі, екі жыл бұрын осы кешеннің басшысы жемқорлық бойынша ұсталып, нақты мерзімге сотталған еді. Ол «Archeo-service» ЖШС ғылыми қызметкерінен актілерді тез қабылдап, ақысын жылдам аудару үшін 600 мың теңге пара алған.
Одан бөлек, қазба жұмыстары кезінде табылған 2801 экспонат жеке адамдардың қолында болған. Әкімнің талабынан кейін 1800-дей жәдігер қайтарылды, қалған 1000-ы әлі қайтарылмаған.
«Экспонаттардың кімнің қолында жүргенін анықтау қиынға түсіп отыр. Әрқайсысын түгендеп, рәсімдеу де оңай емес. Жыл соңына дейін толық қайтарамыз деп үміттенеміз. Бірақ осы экспонаттардың дәл осы жерден табылғанын, олардың нақты бізге қажет екендігін ешкім айта алмайды», – деді Құранбек.
Сондай-ақ…
Цитадельге кіретін билет сатылымынан түскен қаражат та қазынаға жетпей, белгісіз бағытқа кетіп отырған. Заңдылықты қалпына келтіру үшін «Шымқала» кешені Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне қосылып, музейлер бірлестігі құрылды.
«2018 жылдан бастап цитадельден бюджетке бір тиын да түспеген. Алайда кассалар жұмыс істеген, халық билет сатып алған. Ақша қайда кетті? Белгісіз. 2024 жылғы президент жарлығына сәйкес, жеке мемлекеттік кәсіпорын ашуға құқығымыз жоқ. Сондықтан барлық музейді біріктіріп, музейлер бірлестігін құрып отырмыз. Цитадельді саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне қостық. Мемлекеттік акт пен қабылдау-тапсыру актісін рәсімдеп, касса ашып, ақша бюджетке түсуі үшін тапсырма берілді. Оларға 20 млн теңге KPI қойылды. Түскен ақшаны бюджетке алмаймыз, өз қажеттіліктеріне жұмсайды», – деді Құранбек.
Осындай мәселе Шымкенттегі Абай музейінде де бар болып шықты. Бұл музей Абай атындағы кітапхананың құрамына кіріп, ешқандай құқықтық құжатсыз жұмыс істеген.
«Абай музейінің де заңды құжаты жоқ. Ғимараттың да, жердің де актісі жоқ. Қазір музей Абай кітапханасының құрамында. Әлемде музейдің кітапханаға қарағанын кім көрген? Сондықтан бәрін біріктірдік. Мұндай тәжірибе Алматы мен Астанада бар. Болашақта мораторий алынған кезде қайта бөлуге болады. Әкімнің ойында жаңа музей салу жоспары бар. Шымкент сияқты мегаполиске жеке музей керек», – деп түйіндеді әкім орынбасары.
Айтқандай, Шымкентте тағы бір шу шығуы мүмкін. Қаладағы белгілі журналист Арай Есенбекке қатысты тың мәлімет айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







