Абай облысында қолға алынған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасына Көкпекті ауданының Көкжайық ауылы қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Болат Бекбердинов басқарып отырған «Елім-ай Көкпекті» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылған. Қожалық асыл тұқымды ірі қара өсірумен және егін шаруашылығымен айналысады. Мұнда қазіргі таңда 150-ден астам адам еңбек етеді. 10 мың жуық мал ұстап отыр.
Бүгінде мал тұқымын асылдандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Шаруашылықта 2650 бас сиыр бар. Оның 1600-і қазақтың ақбас тұқымы, 1050-і Австралиядан әкелінген ангус тұқымды сиырлар. Шаруашылық ет және сүт бағытындағы өнімдерді ішкі нарыққа ұсынумен қатар, экспортқа шығаруға да әлеуетті.
«Елім-ай Көкпекті» ЖШС облысымызда тұңғыш болып Өзбекстан мемлекетіне 700 бас ірі қараны экспорттады. Аудандағы шағын шаруа қожалықтары соңғы жылдары малдарын қалаға апармай, серіктестікке әкеліп өткізуде. 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы да бар.
Өсімдік шаруашылығы да жолға қойылған. «Елім-ай Көкпекті» агроөнеркәсіптік кешенінде 1700 гектар суармалы жер бар. Оның 630 гектарына жоңышқа егілген. Соңғы 5 жылда АҚШ және Түркиядан 25 заманауи суару техникасы сатып алынды. Шаруашылық Көкпекті ауданында жаңбырлата суару жүйесін алғаш болып іске қосты. Соның нәтижесінде жоңышқаны үш мәрте ору мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, көп балалы отбасылар үшін ауылда мектеп, тегін балабақша, амбулатория және өзгеде әлеуметтік нысан қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, 1,5 млн-ға дейін жалақы, 3 млнға дейін көтермеақы алуға болады. Қосымша баспанамен қамтылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







