Түркістан облысында 14 наурыз Көрісу күні мерекесі ерекше аталып өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы күні облыстың барлық аудан-қалаларында арнайы челлендж ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасқан көне дәстүрлерін жаңғырту, рухани мұраны жас ұрпаққа кеңінен дәріптеу.
Іс-шараға өңірдің абыз ақсақалдары мен ақжаулықты аналары қатысып, жастарға көрісудің мән-мағынасын тереңінен түсіндіріп, ақ баталарын берді.
Көрісу күні халқымыздың ежелден келе жатқан ізгі дәстүрінің бірі. Бұл күні жасы кіші азаматтар үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырып көріседі. Бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, өткен өкпе-назды артқа тастап, татулық пен бірліктің негізін нығайтады. Осы дәстүр арқылы ұрпақтар сабақтастығы беки түседі.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ерекше дайындықпен келіп отыр. Осы мақсатта облыс көлемінде «Наурызнама» онкүндігінің арнайы жоспары бекітілген. Бұл онкүндікте Наурызға дейінгі әрбір күн жеке-жеке тақырыптық атаулармен белгіленген. Сол негізде күн сайын түрлі рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға ұлттық құндылықтар насихатталады.
Мәселен, көрісу күнінен кейінгі іс-шараларда халқымыздың басқа да дәстүрлі мерекелік рәсімдері кеңінен қамтылған. Облыс аумағындағы барлық ауыл-аймақтар мен елді мекендерде ұлттық ойындар, қолөнер көрмелері, салт-дәстірге байланысты театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Сонымен қатар жастар мен балаларға ұлттық тағамдардың дайындалуы мен тарихы туралы арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Бұл шаралар халықтың рухани-мәдени танымын арттырып қана қоймай, тұрғындар арасындағы ауызбіршілікті, бірлік пен татулықты нығайтуға да зор ықпал етеді. Осылайша, Түркістан өңірінде наурыз мерекесін қарсы алуға дайындық ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, елдің еңсесін көтеруге бағытталған ауқымды іс-шараларға ұласып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







