Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
YouTube-тағы Predictive History арнасында болжам жасайтын профессордың бүгінде 1,9 миллион оқырманы бар. Цзян бұған дейін де бірнеше маңызды оқиғаны дәл болжаған.
Профессордың айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс Израильдің мүддесімен тікелей байланысты. Алайда, қандай сценарий болса да, Американың жеңіске жетуі мүмкін емес дейді ол.
«Бұл соғыс АҚШ-тың жеңілісімен аяқталады. Сөйтіп, әлемдік тәртіп мәңгілікке өзгереді», – дейді Цзян Сюэцин. Оның пікірінше, Иранның күрделі тау бедері америкалық әскерлердің елді ұзақ мерзімде басып тұруына мүмкіндік бермейді.
Бұған дейін…
Цзян бұған дейін АҚШ-та 2024 жылы өтетін президент сайлауында Дональд Трамптың жеңісін де дәл болжаған болатын. «Трамп екінші мерзімге сайланады. Ол қайтадан президент болады», – деген еді профессор 2024 жылдың мамырында.
Сол болжамында ол Трамптың екінші мерзімінде АҚШ-тың Иранмен соғысатынын айтқан. «Трамп екінші рет президент болса, АҚШ-тың Иранға соғыс ашуы өте ықтимал. Соғыс бастапқыда сәтті көрінгенімен, америкалықтар Иранның таулы аймақтарында тығырыққа тіреледі», – деген еді ол.
Цзянның талдауынша, АҚШ пен Иран арасында қазірдің өзінде ұзақ уақытқа созылатын текетірес басталған. «Иран осы соғысқа 20 жыл бойы дайындалды, ал АҚШ бұл шайқаста жеңіске жетуге қауқарсыз. Хормуз бұғазының жабылуы арқылы Иран қазірдің өзінде бүкіл әлем экономикасына соғыс жариялап отыр», – дейді профессор.
Иранда не болып жатыр? Бұған дейін біз президент Трамп Иранға қарсы әскери соққыны соңғы сәтке дейін құпия ұстап келгенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







