Қазақстанда өтетін республикалық референдумды бақылау мақсатында Түркістанға TURKPA ұйымының халықаралық байқаушылар тобы арнайы келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Делегация құрамында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Тахир Акююрек, Филиз Кылыч, Кадим Дурмаз бар. Сонымен қатар TURKPA Хатшылығының қызметкері Еркан Дурдулар, хатшы Кадир Яман және сарапшы Камила Музаффарлы да келді.
Халықаралық байқаушылар Түркістан облыстық референдум комиссиясының төрағасы Аңсар Өсербаевпен және комиссия мүшелерімен кездесіп, референдумға дайындық барысын талқылады.
Кездесуде референдум учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі және дауыс беру процесінің барлық заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы мәселелері сөз болды.
Жиын барысында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи бауырластық қарым-қатынастың маңыздылығын ерекше атап өтіп, алдағы республикалық референдумның заң аясында, жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін жеткізді.
Айта кетейік, республикалық референдумды өткізу үшін Түркістан облысында жалпы саны 948 дауыс беру учаскесі ұйымдастырылған. Өңір бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 1 миллион 187 мыңнан асады, бұл – облыс халқының 55,4 пайызы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







