2026 жылдың басынан бері көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 114 млрд теңге жұмсалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеп.
Министрлік дерегіне сүйенсек, осы аралықта барлығы 876,8 мың адам жәрдемақымен қамтылған. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 629 мың отбасы алып, оған 99,4 млрд теңге бөлінген. Ал түрлі марапат алған аналарға жалпы сомасы 14,6 млрд теңгені құрайтын жәрдемақы 247,8 мың адамға берілген.
Ал ақпан айының өзінде ғана осы екі санат бойынша төленген жәрдемақы көлемі 57,5 млрд теңгеге жетті. Қаражат 878,4 мың адамға бөлінді. Оның ішінде 630,6 мың көпбалалы отбасы 50,2 млрд теңге, ал марапатталған аналар 7,3 млрд теңге алды.
Көпбалалы отбасы ретінде 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейін күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар жанұялар танылып, олардың табысы ескерілмейді.
2026 жылы көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты есептеледі:
- 4 балаға – 69 330 теңге;
- 5 балаға – 86 673 теңге;
- 6 балаға – 104 017 теңге;
- 7 балаға – 121 360 теңге;
- 8 және одан көп бала болғанда әр балаға – 17 300 теңге.
Сонымен қатар…
«Алтын алқа», «Күміс алқа», бұрынғы «Батыр ана», «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған аналарға ай сайын жәрдемақы төленеді:
- «Күміс алқа» иегерлеріне – 27 680 теңге;
- «Алтын алқа» немесе «Батыр ана», сондай-ақ «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежесі бар аналарға – 32 005 теңге.
Еске сала кетсек, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларға берілетін барлық әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 10 пайызға артты.
Бұған дейін бала тууға берілетін жәрдемақы мөлшері туралы жазғанбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







