Алматы облысында бүгін, 15 наурыз күні, республикалық референдум аясында барлығы 677 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы өңір бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтардың саны – 1 029 611 адам. Оның ішінде 5871 тұрғын биыл алғаш рет дауыс береді.
Барлық референдум учаскелері қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, дауыс беруге арналған кабиналар, стационарлық және тасымалды жәшіктер, сондай-ақ комиссия мүшелері мен бақылаушыларға арналған арнайы жұмыс орындары дайындалған. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады, одан кейін бюллетеньдерді санау басталады.
Облыс орталығы – Қонаев қаласындағы №949 референдум учаскесінде де жұмыс таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Артынша Қонаев қаласы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Базарбай Оралбаев елге бірлік пен береке, тыныштық тілеп, жиналғандарға ақ батасын берді. Қазақы дәстүрге сай айтылған бата бүгінгі маңызды саяси шараның сәтті өтуіне ықпал етеді деген сенім бар.
Референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Пандустар орнатылып, арнайы көрсеткіштер мен дауыс беруге қолайлы кабиналар әзірленген. Денсаулығына байланысты дауыс беру учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін жылжымалы жәшіктер арқылы үйден дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 2320 азаматтың қай учаскеге тіркелгені алдын ала нақтыланған.
Облыс орталығы мен аудандарда инватакси қызметі де қарастырылған. Мәселен, Қонаев қаласында арнайы екі көлік жұмыс істесе, жалпы облыс бойынша 214 елді мекенде 24 инватакси қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, дауыс беру барысында көмек көрсету үшін 15 сурдоаудармашы мен әлеуметтік қызметкерлер тартылған.
Референдумды өткізуге облыстық, екі қалалық, тоғыз аудандық және 677 учаскелік комиссия жұмылдырылған. Бұл комиссияларда жалпы саны 4781 адам жұмыс істейді, олардың барлығы арнайы оқыту мен дайындықтан өткен.
Контекст
Дауыс беру процесін қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бақылайды. Алматы облыстық аумақтық комиссиясының дерегінше, өңірде бақылаушы ретінде 16 өңірлік және 11 республикалық деңгейдегі үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысып отыр.
Облыста азаматтардың уақытша орналасқан жерлерінде 36 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 15 учаске әскери бөлімдерде, 16 учаске емдеу-профилактикалық мекемелерде, 4 учаске тергеу және уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ бір учаске арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орналасқан.
Заңға сәйкес, облыстағы жеті учаске таңғы сағат 06:00-де дауыс беруді бастап кеткен. Басқа учаскелер әдеттегідей сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдерді санау рәсімі басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







