Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы Қонаев қаласындағы №949 дауыс беру учаскесіне барып, дауыс берді. Аймақ әкімі бұл күннің еліміз үшін тарихи маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгін мемлекетіміз үшін тарихи маңызы зор күн. Алматы облысының тұрғыны әрі осы елдің азаматы ретінде өзім тіркелген учаскеге келіп, өз таңдауымды жасадым. Әрбір азаматтың таңдауы – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі, – деді Марат Елеусізұлы.
Ол сонымен қатар референдумның өңірде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Облыс бойынша жалпы саны 677 референдум учаскесі ашылды. Оның ішінде 36 учаске ауруханаларда, әскери бөлімдерде және әлеуметтік мекемелерде орналасқан. Дауыс беру процесін ұйымдастыруға 4781 маман тартылды. Олардың барлығы алдын ала оқытудан өтіп, референдумға толық дайын екенін растады. Сондай-ақ, дауыс беру процесін 16 қоғамдық ұйымның өкілдері бақылауда», – деді аймақ басшысы.
Сонымен бірге облыс әкімі тұрғындардың дауыс беру процесіне қатысуын жеңілдету мақсатында цифрлық мүмкіндіктер де қарастырылғанын атап өтті.
«Өңірдегі көптеген учаскелер азаматтарды тіркеуді тексеретін цифрлық жүйеге қосылған. Ал Қонаев, Есік, Талғар, Қаскелең қалаларында және Өтеген батыр кентінде бес учаскеде азаматтарды сол жерде тікелей тізімге енгізу мүмкіндігі жасалған», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Әкімнің айтуынша, облыс бойынша 1 миллионнан астам азамат дауыс берушілер тізіміне енгізіліп, барлығына алдын ала шақыру қағаздары жіберілген. Ерекше қажеттілігі бар жандарға ерекше көңіл бөлініп, 2320 мүмкіндігі шектеулі азаматтың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Учаскелерде арнайы пандустар, ыңғайлы кабиналар, көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қосымша құралдар орнатылған.
«Кез келген өзгеріс әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздегі әрбір азаматтың құқығын нығайтып, мемлекет пен халық арасындағы жауапкершілікті нақты айқындай түседі», – деп қорытындылады облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша республикалық референдум өтуде. Кәмелет жасына толған әрбір азамат өз таңдауын жасау құқығына ие.
Алматы облысында бүгін, 15 наурыз күні, республикалық референдум аясында барлығы 677 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







