Маңғыстау облысының тұрғындары республикалық референдум күні әлеуметтік желілерде ұлттық киіммен челлендж бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
15 наурыз күні Маңғыстау өңірінде ерекше бастама жүзеге асты. Өңір тұрғындары референдумға ұлттық киім киіп барып, челленджге белсенді қатысуда. Игі шара әлеуметтік желілерде тез таралып, халықтың ықыласына бөленіп жатыр.
Челлендждің басты мақсаты – халықтың саяси белсенділігін арттырып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрді, мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Облыс тұрғындары ұлттық киімдерін киіп, референдум учаскелеріне келуде. Дауыс бергеннен кейін олар суреттері мен видеоларын әлеуметтік желілерде жариялап, ұлттық мәдениетке деген құрметтері мен азаматтық ұстанымдарын көрсетіп жатыр.
Биыл республикалық референдум Амал мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Амал – Маңғыстауда ерекше тойланатын дәстүрлі мереке. Бұл күні халық бір-бірімен көрісіп, ақ тілектерін айтып, ізгі ниеттерін білдіреді. Сондықтан да дауыс беру учаскелеріне ұлттық нақыштағы киіммен келген тұрғындар бір-бірін мерекемен құттықтап, ерекше мейірім мен татулықтың үлгісін көрсетуде.
Аймақтағы қоғамдық белсенділердің айтуынша, мұндай бастамалар азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығын арттырып, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе жастар қауымы челленджге ерекше қызығушылық танытып, ұлттық құндылықтарға құрметін білдіруде.
Жалпы, өңір тұрғындары осы челленджге белсенді түрде қатысып, ұлттық киімде түскен суреттері мен бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде кеңінен бөлісуде. Бұл бастама маңғыстаулықтардың ел болашағына деген жауапкершілігі мен ұлттық дәстүрге деген құрметін айқын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







