Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұбайымен бірге Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №389 референдум учаскесінде дауыс беріп, өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы бұл референдумның Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды тарихи қадам екенін ерекше атап өтті.
– Бүгін азамат ретінде конституциялық құқығымды пайдаланып, жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтіп жатқан референдумға қатыстым. Мен Қазақстанның тұрақты дамуы, өркендеуі мен жарқын болашағы үшін дауыс бердім, – деді Бейбіт Исабаев.
Айта кетейік, Жетісу облысы бойынша референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың саны 437 мыңнан асады. Оның ішінде 2600-ге жуық адам алғаш рет дауыс береді.
Облыс аумағында барлығы 468 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-ден жұмысын бастады. Олардың 40-ы әскери бөлімдер, шекара заставалары, медициналық мекемелер мен пенитенциарлық жүйе мекемелерінде орналасқан арнайы учаскелер. Барлық учаскелер қажетті материалдық-техникалық құралдармен, дауыс беру кабиналары, стационарлық және жылжымалы жәшіктермен толық жабдықталған. Сондай-ақ қоғамдық бақылау жасауға қолайлы жағдай жасалған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне ерекше көңіл бөлініп, барынша қолайлы жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, 467 учаске ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан, учаскелерде тактильді көрсеткіштер, пандустар, мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға арналған кабиналар, көру қабілеті төмен азаматтарға үлкейткіштер мен трафареттер қойылған. Облыс орталығында 33 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетіп, 30 сурдоаудармашы тартылған.
Референдумның ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында өңірде 479 референдум комиссиясы құрылды. Олардың 11-і аумақтық, ал 468-і учаскелік комиссиялар. Жалпы, референдум өткізу үдерісіне 2 989 комиссия мүшесі жұмылдырылған. Сонымен қатар дауыс беру барысын бақылау үшін 6 қоғамдық бірлестік аккредиттелген.
Барлық сайлау учаскелері ақпараттық стендтермен, әдістемелік материалдармен және жаңа Конституция жобасы жазылған екі тілдегі плакаттармен қамтамасыз етілген. Сайлаушыларды онлайн тіркеуді растайтын 186 онлайн-сервис жұмыс істейді. Талдықорған қаласының 5 мектебінде уақытша тіркеу бойынша арнайы сервистер қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ, дауыс беруге бірінші болып келген сайлаушыға, алғаш рет дауыс беруші жас сайлаушыларға және ең үлкен жастағы азаматтарға арнайы естелік сыйлықтар табысталады. Бүгін облыстың аудан орталықтары мен қалаларында қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілген.
Барлық сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







