Маңғыстау облысында республикалық референдум күні дауыс беру учаскелерінде нағыз мерекелік атмосфера орнады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс бойынша сайлау учаскелерінің аумағында ұлттық ойындар, концерттік бағдарламалар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлауда.
Жекелеген учаскелерде халық күйлері мен танымал әндерді орындаған жергілікті әртістердің концерттері өтіп жатыр. Ұлттық киіммен шыққан әншілер мен бишілер сайлаушылардың назарын аударып, ерекше әсер қалдыруда.
Сондай-ақ, учаскелер маңында ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар сатылатын жәрмеңкелер ұйымдастырылған. Тұрғындар мұнда азық-түлікті қолжетімді бағада сатып алып, жергілікті қолөнершілердің бұйымдарымен таныса алады.
Одан бөлек, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар да белсенді түрде өтуде. Әсіресе жастар арасында асық ату, арқан тарту, гір көтеру сияқты ойындар ерекше қызығушылық тудырды.
Референдум күні тұрғындар арасында жүрген өнер қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рухия Батыршиева мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
– Бүгінгі күн ел үшін тарихи сәт. Біз өнеріміз арқылы халықты біріктіруге тырысамыз. Мұндай іс-шаралар адамдардың бір-бірімен жақындасуына, қоғамдағы ауызбіршіліктің артуына ықпал етеді, – деді Рухия Батыршиева.
Айта кетейік, мәдени-ойын-сауық шаралары дауыс беру аяқталғанша жалғасады. Мұндай бастамалар тұрғындардың азаматтық белсенділігі мен ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







