Freedom Holding-тің негізін қалаушы әрі мажоритарлық иесі Тимур Турлов Алматыдағы Офицерлер үйінің базасында жаңа технологиялық алаң – Defense Tech Hub жобасын іске қосқанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы бизнесмен Facebook парақшасында жазды.
«2023 жылы, бәлкім одан сәл ертерек, біз Алматыдағы Офицерлер үйін қайта жөндеуге кірістік. Ғимараттың тарихи әрі сәулеттік маңызы зор. Уақыт өте келе тозған бұл нысанға күрделі жөндеу қажет еді. Алдымен шатыр мен жертөле толық жөндеуден өтіп, жылу жүйесі жаңартылды», – деп жазды Тимур Турлов.
Кейін ішкі жөндеу жұмыстары қызған тұста нысанды ары қарай дамыту туралы ой туындаған.
«Ғимаратты қалпына келтірумен шектелгіміз келмеді. Қорғаныс министрлігі үшін пайда әкелетін, ел игілігіне қызмет ететін, нақты жұмыс істейтін орталық құрғымыз келді», – дейді ол.
Осылайша қорғаныс саласындағы цифрлық шешімдер әзірлейтін Defense Tech Hub технологиялық алаңы дүниеге келді.
«Бұл жерде студенттер мен IT мамандары еліміздің қорғаныс саласына нақты цифрлық өнімдер жасайды. Хакатондар мен акселераторлар өтеді, тың жобалар пайда болады. Defense Tech Hub жастар үшін нағыз тартымды ортаға айналса деймін. Технологияға қызығатын жастар да, әскери қызметте технологиямен тікелей жұмыс істейтін мамандар да осы орталықта бас қосады. Біз жаңа идеялар мен ұсыныстарға әркез ашықпыз», – деп атап өтті бизнесмен.
Турловтың пікірінше…
Жоба тарихи мұра мен заманауи технологиялардың үйлесіміне айналған.
«Тарих пен технологияны бір орталыққа біріктіріп, нысанға жаңа өмір сыйлағанымыз керемет нәтиже деп ойлаймын. Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мемлекеттік-жеке әріптестіктің жарқын үлгісі», – деп түйіндеді Freedom Holding басшысы.
Айта кетсек, 2025 жылы Forbes Kazakhstan Тимур Турловтың байлығын $5,8 млрд деп бағалаған. Биыл бұл көрсеткіш жаһандық миллиардерлер рейтингінде $5,2 млрд-қа дейін төмендеді. Қазақстандық кәсіпкер әлемдегі ең дәулетті адамдардың ішінде 823-орында тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







