Бүгін еліміздің әр аймағында өтіп жатқан республикалық референдумға Маңғыстау облысының еңбек ардагерлері де белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға өз үлестерін қосты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дауыс беру учаскесіне арнайы келген еңбек ардагерлері Жәңгірхан Өрісбай мен Әлия Биқасқызы жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне байланысты өз таңдауын жасады. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында көп жыл еңбек еткен ардагерлер бүгінгі саяси науқанның мемлекетіміздің келешегі үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Ардагерлердің айтуынша, референдум арқылы халықтың өз пікірін тікелей білдіруі – дамыған демократиялық қоғамның белгісі. Олар үшін бүгінгі таңдауға қатысу – азаматтық парыз ғана емес, сонымен қатар ел тағдырына деген жауапкершілік пен құрметтің белгісі.
— Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің барлық даму кезеңіне куә болдық. Енді мемлекетіміздің болашағы айқындалатын маңызды сәтте әрбір азамат өзінің дауысын білдіріп, белсенділік танытуы қажет. Біз де осы міндетімізді орындап, дауыс беруге арнайы келдік. Елдің ертеңі жарқын болсын деген ниетпен өз таңдауымызды жасадық, — дейді ардагерлер.
Өңірдегі референдум учаскелерінде тұрғындардың белсенділігі байқалуда. Таңертеңнен бастап Маңғыстау жұртшылығы өз учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымдарын білдіруде. Осы орайда, еңбек ардагерлерінің де референдумға белсенді қатысуы қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы мен азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.
Ардагерлердің бүгінгі ісі – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Олардың елдің дамуы мен тұрақтылығы жолындағы белсенді ұстанымы келешек ұрпаққа үлгі болары анық, деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







