Бүгін еліміз бойынша өтіп жатқан республикалық референдумға Маңғыстау облысының ең қарт тұрғыны, 104 жастағы Сырға Қалиева да қатысып, ел болашағы үшін өз таңдауын жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өмірінде бір ғасырдан астам уақытты еңсерген Сырға әже денсаулығына байланысты №140 референдум учаскесіне келе алмағандықтан, учаскелік комиссия мүшелері оның үйіне арнайы жылжымалы дауыс беру жәшігін апарды. Дауыс беру рәсімі барлық заң талаптарына сәйкес жүргізілді.
Ғасыр жасаған әжей өз таңдауын жасаған сәтте елдің амандығы мен тыныштығын тілеп, батасын берді. Құрметті ардагердің бұл әрекеті – келешек ұрпаққа ел тағдырына жауапкершілікпен қараудың үлгісі.
– Менің ғұмырым еліміздегі көптеген тарихи кезеңдерге куә болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін өз көзіммен көріп келемін. Сондықтан бүгінгі референдумға қатысу мен үшін үлкен парыз болды. Елдің болашағы үшін берілген әрбір дауыс маңызды, – деді Сырға Қалиева.
Айта кетейік, референдум барысында денсаулығына немесе басқа да себептерге байланысты сайлау учаскелеріне келе алмайтын азаматтарға үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шара барлық азаматтардың өз таңдауын жасап, ел болашағына үлес қосуына жағдай туғызады, деп жазады Ertenmedia.kz.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







