2025-2026 жылғы жылыту маусымы Алматыда қалыпты режимде өтуде. Қазандықтарда технологиялық ақаулар мен апаттар тіркелмеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС бас инженері Павел Леденцов мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС қаладағы жылу өндіретін ірі кәсіпорын. Кәсіпорын балансында жалпы саны 86 қазандық бар, оның ішінде тоғыз ірі қазандықтың қуаты сағатына 35-тен 502 Гкал-ға дейін жетеді. Қалған 77-сі шағын қазандықтар, олардың қуаты 0,1-ден 30 Гкал/сағ аралығында.
Аталған қазандықтар Алматының жеті ауданында орналасып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын қаладағы жылу мен ыстық суға деген сұраныстың шамамен 35 пайызын қамтамасыз етеді. Жалпы қазандықтардың орнатылған қуаты 1877,23 Гкал/сағ құрайды, негізгі отыны – табиғи газ.
Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметін 8 560 абонент пайдаланады. Оның ішінде 3 393 көпқабатты тұрғын үй, 346 жеке үй, 81 мектеп, 63 балабақша, 37 аурухана және 4 640 басқа да тұтынушы бар.
– Жылу беру процесі еш кідіріссіз жүзеге асырылуы керек. Жүйенің негізгі параметрлері – қысым және жылутасығыштың температурасы жылу желілерінің бекітілген кестелері мен өтінімдеріне сай қатаң сақталады. Біз бүкіл маусым бойы жабдықтардың жағдайын үздіксіз бақылап отырамыз. Бұл ықтимал ақауларға тез әрекет етуге және алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Павел Леденцов.
Оның айтуынша, қазандықтардағы жабдықтардың жұмысы тәулік бойы бақылауда. Техникалық мамандар төрт ауысыммен жұмыс істеп, жабдықтың жағдайын бақылайды. Егер қандай да бір шу, діріл пайда болса немесе температура көтеріліп, су ағып кетсе, жабдық дереу тоқтатылып, резервтік қуатқа ауыстырылады. Мамандар қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтарды қайта іске қосады.
– Әрбір нысанда резервтік қуат көздері қарастырылған. Жабдық тоқтаған кезде мамандар мұқият тексеріп, ақауды жөндейді. Бұл әдіс технологиялық апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде биылғы жылыту маусымында ешқандай апаттық жағдай орын алған жоқ, – деп атап өтті ол.
Қазір кәсіпорын 2026 жылдың жазындағы жөндеу жұмыстары мен 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Қажетті қосалқы бөлшектер, жабдықтар мен құбырлар сатып алынып жатыр. Қазандықтарды уақытша тоқтату кестесі әзірленіп, осы кезеңде барлық жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Контекст
Сонымен қатар «Орманова» қазандығын қайта жаңғырту жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мердігер ұйыммен келісімшарт жасалып, қажетті жабдықтар сатып алынды. Құрылыс жұмыстары жылыту маусымы аяқталған соң бірден басталмақ. «Староэлеваторская» қазандығын жаңғырту жұмыстарына тендер жарияланып, мердігер анықталған соң жұмыстар басталады.
– Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығы инфрақұрылымды жаңғыртуға тікелей байланысты. Сондықтан біз тек ағымдағы қызмет көрсетумен шектелмей, қазандықтарды жаңарту мен жаңа жобаларды іске асыруға басымдық берудеміз. Қазір тағы жиырма шағын қазандықты жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобалар 2026–2028 жылдарға жоспарланған, – деп толықтырды Леденцов.
2025 жылы кәсіпорын өз қаражаты есебінен жабдықтарды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Тоғыз қазандықта 12 агрегат ауыстырылып, төрт нысанда тоғыз жанарғы жаңартылды.
Он алты қазандықта 48 сорғы ауыстырылды, бес нысанда 11 бойлер мен сыйымдылық жаңартылып, «Қарасу» және «Коккинаки» шағын қазандықтары қайта құрылды. «Премьера» қазандығында түтін мұржасы жаңартылды, алты қазандықта есептеу құрылғылары орнатылып, жаңғыртылды.
Сонымен қатар былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаладағы 15 шағын қазандық қайта жаңғыртылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







