Қазақстанда салық жүйесіне шарап өндірісі, резидент еместердің ҚҚС рәсімдеуі және мемлекеттік сатып алу бойынша бірқатар жаңа ережелер енгізілмек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген жиында алкогольді өнімдерге қатысты мәселе қызу талқыланды. ЕАЭО аясында қабылданатын техникалық регламент жеміс-жидектен, мысалы, алмадан немесе алмұрттан жасалған сусындарды «шарап» категориясынан шығармақ.
Құжат бекітілсе, акциз мөлшері көтеріліп, сусынның бағасы айтарлықтай өседі. Қазақстан билігі отандық өндірушілерге табиғи жолмен ашытылған жеміс-жидек сусындары үшін жеңілдіктер қарастыруды ұсынып отыр.
Үкімет резидент еместермен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге ҚҚС рәсімдеу тәртібін жеңілдетеді. Электронды шот-фактураны бұрынғыдай 5 күнде емес, 15 күн ішінде толтыруға болады. Жаңа талаптар 2026 жылдан бастап кері мерзіммен іске қосылып, кәсіпкерлерге қосымша айыппұл салынбайды.
Мемлекеттік сатып алу саласында арнайы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін есеп айырысу ережесі нақтыланады. Бірақ Салық кодексі өзгеріссіз қалады. Электр энергиясы нарығындағы шот-фактура мерзімі бойынша мәселе әзірше кейінге шегерілді. Ұсыныс нарық қатысушыларымен қайтадан талқыға түседі.
Үкіметтің негізгі мақсаты салық жүйесін жеңілдетіп, бизнестің жұмысын тиімді ету. Дегенмен, акцизге байланысты кейбір бастамалар нарықтағы бағаға әсер етуі мүмкін екені анық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







