2026 жылдың алғашқы екі айында тарихи отанына 3 335 этникалық қазақ қоныс аударып, қандас мәртебесін алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері елімізге шетелдерден келген қандастар саны 1 миллион 168,2 мың адамға жетті.
Биылғы жылы келген қандастардың басым бөлігі – Қытай (47,8%) және Өзбекстаннан (43,6%) келсе, қалғандары Түрікменстан (2,7%), Ресей (2%), Моңғолия (2,2%) және басқа да мемлекеттерден (1,7%) қоныс аударған.
Этникалық көштің демографиялық құрамына келсек, еңбекке қабілетті жастағы азаматтар – 58,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші балалар мен жастар – 33,1%-ды, ал зейнет жасындағы адамдар 8,8%-ды құрайды.
Еңбек жасындағы қандастардың білім деңгейі бойынша көрсеткіштері мынадай: жоғары білімділер – 13,1%, орта кәсіптік білім алғандар – 27,1%, жалпы орта білімді азаматтар – 51,9%, ал 7,9%-ында ешқандай білім жоқ.
Көшіп келген қандастар еліміздің әртүрлі өңірлеріне орналастырылды. Мемлекет тарапынан қандастарды ең алдымен еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандыруға басымдық берілуде. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Осы аталған өңірлерге 2026 жылы қандастарды қабылдау квотасы 2 281 адамды құрайды. Биылғы екі айда осы өңірлерге 569 қандас қоныстанды.
Қандастарды қолдауға мемлекеттен арнайы субсидия бөлінген. Атап айтқанда, көшу шығындарын өтеуге отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК көлемінде (302,8 мың теңге) қаржы беріледі. Сонымен қатар, бір жыл ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі (64,9-дан 129,8 мың теңгеге дейін) өтемақы қарастырылған.
Жыл басынан бері 139 қандасқа осындай қолдау шаралары көрсетіліп, олардың 108-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Солтүстік аймақтарға ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан қосымша қолдау шаралары да қабылдануда. Атап айтқанда, жұмыс берушілерді ынталандыру мен тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификаты іске қосылды. Бұл сертификаттың мөлшері бір отбасына 1 625 АЕК-ке дейін немесе 7 миллион теңгеге жетеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар шетелдегі қандастардың елге оралуына оң әсер етіп, Қазақстанның демографиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізуде.
Айтқандай, таяуда Қазақстан мен Моңғолия арасында зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойылды. Қандастар өз зейнетақысын оңай рәсімдейтін болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







