Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ Президенті Дональд Трамптан ресми хат келіп түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Хатта Ақ үй басшысы биыл ақпан айында Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы аясындағы кездесуді жылы еске алған. Трамп бұл жүздесудің өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.
АҚШ президенті Қазақстан басшысын алдағы кезеңдегі маңызды халықаралық шараларға шақырды. Атап айтқанда, Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және жыл соңында Майами қаласында өтетін G20 саммитінде кездесуді күтетінін жеткізді.
Бұл шақырту екі ел арасындағы саяси диалогтың жалғасып жатқанын көрсетеді. Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары қауіпсіздік, экономика және жаһандық тұрақтылық мәселелері төңірегінде дамып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай байланыстар Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін күшейтіп, көпвекторлы сыртқы саясатты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы кездесулерде тараптар аймақтық қауіпсіздік, инвестициялық ынтымақтастық және жаһандық экономикалық үрдістерді талқылауы мүмкін.
Осыған дейін тілшілеріміз Давос форуымында Тоқаев пен Трамптың қысқа ғана диалогы күтпеген детальдарға толы болғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







