ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұжымымен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында елдегі жаңа саяси кезең жағдайында музей саласын дамытудың басым бағыттары талқыланды. Министрдің айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан үшін тарихи бетбұрыс кезеңін ашты.
– Еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Халық референдумда маңызды шешім қабылдап, жаңарған Ата заңды қолдады. Ендігі міндет осы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру, – деді Аида Балаева.
Оның сөзінше, бұл кезеңде мәдениет пен ақпарат салаларына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Себебі қоғамдағы құндылықтар жүйесі мен ұрпақтар сабақтастығы дәл осы бағыттар арқылы қалыптасады.
Осы тұрғыда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының рөлі ерекше атап өтілді. Министр бұл нысанның тек мәдени мекеме емес, ұлттық тарихи жадының тірегі екенін айтты.
– Рухани тұтастықты бекітетін, тарих пен дәуірлер сабақтастығын көрсететін орталық. Мұнда сақталған мұра біздің мемлекеттілігіміздің тамырын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Кездесуде музей ісін жетілдіру, экскурсиялық қызмет сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді жүйелеу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар тарихи-мәдени құндылықтарды әлемдік деңгейде таныту бағытындағы жұмыстарға назар аударылды.

Жұмыс сапары аясында Аида Балаева Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі реставрациялық жұмыстармен танысты. 2023 жылдан бері «Қазреставрация» кәсіпорны жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулер нәтижесінде бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылған.
Министр реставрация жұмыстары кезінде басты назар тарихи келбетті сақтауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. «Біздің басты мақсат – ескерткіштің сыртқы келбетін өзгерту емес, оның түпнұсқалық сипатын сақтау», – деді ол.
Кездесу қорытындысында Аида Балаева музей саласын дамыту жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, қойылған міндеттерді сапалы орындауды тапсырды.
Түркістан облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту мақсатында қытайлық танымал блогер Тао Минсю (taotaoaima) Наурыз мерекесі қарсаңында өңірге арнайы сапармен келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







