Алматыда Наурыз мерекесі қарсаңында түркі халықтарының көрме-жәрмеңкесі басталды. Бұл шара тек сауда алаңы емес, ортақ мәдениет пен дәстүрді біріктірген ерекше кеңістікке айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
21 наурыз күні басталған көрме 23 наурызға дейін жалғасады. Іс-шараға Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген шеберлер мен қолөнершілер қатысып отыр.
Көрме алаңында ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар ұсынылған. Келушілер тоқыма өнімдері, зергерлік әшекейлер, кәдесыйлар мен тұрмыстық заттарды тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие.
Бұл жәрмеңке арқылы әр халықтың қолөнер ерекшелігі, өрнек мәдениеті мен тұрмыс салты айқын көрінеді. Әр бұйымның артында тұтас тарих пен дәстүр жатыр.
Ұйымдастырушылар келушілерге арнайы мерекелік бағдарлама да әзірлеген. Концерттік қойылымдар өтіп, ұлттық музыка шырқалып, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Шараның басты мақсаты – түркі халықтарының мәдени байланысын нығайту және ортақ құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар Наурыз мерекесі аясында халықты бірлік пен достыққа үндеу көзделген. Жәрмеңке қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше тартымды орынға айналып отыр.
Алматы қаласында Отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларға кешенді көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







