Қазақстанда шағын бизнестің мобильді аударымдар арқылы табыс табатын дәуірі ресми түрде аяқталды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңі күшіне енді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар тек ірі кәсіпкерлердің айналымын бақылап келген болса, енді барлық шағын бизнес өкілдері мен фрилансерлер толықтай цифрлық бақылауға көшті. Сарапшылардың айтуынша, қоғамда дүрбелең тудырған басты себеп – кәсіпкерлердің салық жүйесінің автоматтандырылған алгоритмін толық түсінбеуі.
«Көпшілігі салық инспекторлары әркімнің банк шотын қолмен тексереді деп ойлайды. Шын мәнінде тексерісті банк жүйесіндегі жасанды интеллект алгоритмдері автоматты түрде жүргізеді. Қаржы органдарына дайын деректер жіберіледі. №698 бұйрыққа сәйкес, егер сіздің шотыңызға үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 түрлі тұлғадан аударым түссе және оның жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (1 020 000 теңгеден) асып кетсе, сіз автоматты түрде күдікті санатқа енесіз», – дейді Mybuh.kz сарапшылары.
Кәсіпкерлер үшін маңызды дата 15 сәуір
Дәл сол күні банктер Комитетке клиенттердің ағымдағы жылдағы мәліметтерін толық жолдайды. Сондықтан бизнес иелерінде заң талаптарына бейімделу үшін өте аз уақыт қалды. Ал жеке тұлғалардың өзара, отбасылық немесе ұжым ішіндегі бір реттік аударымдарына еш қауіп жоқ.
Бірақ көлеңкеде қалған кәсіп иелерін ауыр жаза күтеді. Салықтан жалтарғаны үшін негізгі айыппұлдар мыналар:
- Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеу (ӘҚБтК-нің 463-бабы):
Кәсібін ресми тіркемеген адамға 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, барлық тауары, табысы мен құрал-жабдықтары тәркіленуі мүмкін. - Фискалды чек бермеу (ӘҚБтК-нің 284-бабы):
Банк қосымшасындағы чек фискалды чек емес. Тұтынушыға тауар не қызмет көрсеткен кезде фискалды чек берілмесе, кәсіпкерге алдымен ескерту жасалады. Бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. - Табысты жасыру (ҚР Салық кодексі):
Бұл ең ауыр заң бұзушылық. Тексеру кезінде аударымдар жеке шот арқылы өткен табыс екені анықталса, жасырылған сомадан барлық кезең үшін салық қайта есептеледі. Бұған қоса, кешіккен күндер үшін өсімпұл және жасырылған салықтың 20-50% мөлшерінде айыппұл салынады.
Сарапшылар не дейді?
Мамандар банк арқылы QR-төлемдерді пайдаланған кәсіпкерлер де қауіпсіз емес екенін ескертеді.
«Салық кодексінің 166-бабына сәйкес, QR-төлем фискалды чек беруден босатпайды. Бизнес заң аясында жұмыс істеуі үшін әрбір сауда операциясы онлайн кассалық аппарат арқылы тіркеліп, деректер ОФД-ға жолдануы тиіс», – дейді сарапшылар.
2026 жылы жеке кәсіпкерді тіркеу оңтайлы әрі жылдам. Ол үшін банк қосымшасы арқылы небәрі 10 минут уақыт кетеді. Жеңілдетілген салық режимінде (айналымнан 4%) жұмыс істейтін кәсіпкерлер кірісін де сақтап қала алады.
Жаңа ереженің басты талабы әрбір сауда операциясын ресми тіркеу, ал жеке аударымдар тек жеке мақсатқа арналуы тиіс. Осыған бейімделген кәсіпкерлер ғана жаңа салық кодексі дәуірінде қиындықсыз жұмыс істейді дейді мамандар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







